Русский Сайттың толық нұсқасы

Өртенген көліктің шығынын кім өтейді?

  • AstanaTV
  • 08 қаңтар 2021
  • 1981

Техникалық жөндеу орталығында өртеніп кеткен көліктердің өтемақысын кім төлейді? Бұл сұраққа Атыраулық 8 азаматтың жауап таппай жүргеніне жарты жыл болды. Алты айда олар бүкіл мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздырып болған. Ал, көлік жөндейтін станса иесі болса байланысқа шығатын емес.

Меңжан Хажыгереевтің, "жоқ көліктің" кредитін төлеп жүргеніне 6 ай болды. Несиеге алынған "тұлпары" шілде айында өртеніп кеткен.

Меңжан ХАЖЫГЕРЕЕВ, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Көлігімді көлік көтергішпен көтеріп, астын қаратып жатқанда артымызда тұрған машинадан  өрт шығып, осындай жағдай болды. Өрт шыққан кезде осы автокөлік жөндеу орталығында ешқандай өрт сөндіру құралдары, ережесі сақталмаған шыны керек. Мына мекеменің иесінен үш төрт рет хабарласып, кездесіп сөйлескіміз келді. Бірақ әртүрлі себептермен кездесуге келген жоқ.

Мұрат САЙРАНБЕКОВ, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біздің бар білетініміз орталықтың иесі Арман есімді 1988 жылы туған жігіт.  Біз орталықтың иесімен байланысуға тырыстық.  Телефонын өшіріп тастаған. Мекен-жайын білмейміз. Көлігімнің өртенген қаңқасы ғана қалыпты. Сараптама қорытындысы шықты. Бірақ тергеуде қозғалыс жоқ.

Өрт мына орталықта өткен жазда болды. 8 көлік түгі қалмай жанып кеткен. Иелері шығындарын 25 млн теңгеге бағалап отыр. Ал, көлік жөндеу стансасының иесі болса байланысқа шығатын емес.

Көлік иелері болса әділдік іздеп мемлекеттік мекемелердің бәрін аралап шықты. Қылмыстық іс тіркелген. Алайда оның жылжитын түрі жоқ", дейді көлік иелері.

Ертас БИСЕНҒАЛИЕВ, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ:


4 сараптама тағайындалды. Ол бойынша Атырау облысында жоқ сараптамалар бар. Сондықтан басқа облыстарға тағайындауға тура келді. Сондықтан тергеу мерзімі ұзартылып жатыр. Сот техникалық сараптама деген бар, өрттің қайдан пайда болғанын анықтайтын.

Полиция бұл тақырыпқа қатысты тұщымды ақпаратпен бөлісетін емес. Тіпті, істің сотқа қашан түсетінін ешкім ашып айтпады.  Мұны полиция, "тергеу құпиялығымен" байланыстырады.

Б. Надирқызы