Елімізде алдағы аптада күн райы құбылып, қар жауады. Синоптиктердің болжамынша, кейбір өңірлерде аяз қайта күшейіп, қыс қаһарына мінуі мүмкін. Сондықтан төтенше жағдайлар қызметі азаматтардың алыс жолға шықпауын сұрап, сақтық шараларын естен шығармауды ескертеді. Тілшіміз толықтырады.
Оралда соңғы бірер күнде күн күрт жылынып, жол көктайғаққа айналды. Абайсызда тайып жығылып, жарақат алғандардың қатары көбейді. Кешелі-бүгін облыстық ауруханаға аяқ-қолын ауыртқан 70-ке тарта адам түскен. Солардың бірі - Амангелді Темірешов. Таң қараңғысымен жұмысына асыққан ол абайсызда оңбай құлап, қолын сындырып алыпты.
Амангелді ТЕМІРЕШОВ, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Мұз ғой жер енді. Ойламаған жерден құлап, содан есімді жиып, қолымның сынып қалғанын білдім. Емшіге барғам, емші доғдырға бар деді. Содан доғдырға келдім машина жалдап. Содан қабылдады. Рахмет доғдырларға!
Қазір дәрігерлердің жұмысы қарбалас. Дегенмен, аса ауыр жарақат алғандар жоқ. Сондықтан мамандар аса тығыз шаруасы болмаса, тұрғындардың көшеге шықпауы керектігін ескертеді.
Ерғали БАЙКАТОВ, ДӘРІГЕР ТРАВМОТОЛОГ:
Жарақат 1,5 есе көбейді. Оның ішінде көбісі егде жастағы адамдар. Егде жастағы адамдарда сүйектері әлсіз болғандықтан, көбінесе оларда қол-аяқтары, қабырғасы сынып, бізге келеді. Көбінесе кездескені, білезік, аяқ, тобық сүйектерінің көбінесе сынықтары, қабырға.
Ауа райы болжамына сенсек, мұндай жылымық қаңтар айында 1948 жылы тіркеліпті. Бірақ ол, осы беті күн жылиды дегенді білдірмейді. Алдағы күндері аяз қаһарына қайта мінеді, дейді синоптиктер.
Дана ӘКІМҒОЖИНА, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК БҚОФ ИНЖЕНЕР-СИНОПТИГІ:
Атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты БҚО-ның кей жерлерінде тұман, қар, жаяу бұрқасын күтіледі. Ауа температурасының төмендеуі 15-20 градусқа аязға дейін барады және желдің екпіні 15-20 секунд, кей жерлерде 23 секундқа дейін болады.
Ал, елдің шығыс аймақтарында күннің жылынғаны байқалмады. Өскеменде ескертуді ескірмеген көп адам жолда қалған көрінеді. Қарға батып қалған көліктерді құтқарушылар шығарып алған. Олардың ішінде аязды күні аң атып, балық аулауға шыққан екі адам бар. Астыларындағы "темір тұлпарға" сенсе керек. Алайда, шығыстың бораны күшті көліктерді де қарға көміп тастаған. Құтқарушылар, себепсіз жолға шықпаңыздар, деп ескертіп жатыр.
Е. Карин