Русский Сайттың толық нұсқасы

Үкіметтің кеңейтілген отырысы Президент қатысуымен айдың аяғында өтеді

  • AstanaTV
  • 12 қаңтар 2021
  • 2182

Осы айдың аяғында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен, Үкіметтің кеңейтілген жиыны өтеді. Онда өткен жылда атқарылған жұмыстары қорытындыланып, алдағы жоспарлар талқыланбақ. Бұл жайында Үкіметтің бүгінгі отырысында премьер-министр Асқар Мамин айтты. Ол өз сөзінде әлемдегі дағдарысқа, пандемияға қарамастан, ұлттық экономикамыз тұрақты деп бағалады. Уақытылы қабылданған шаралар, сын-қатерлерді еңсеруге сеп болды деді.

Асқар МАМИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
 
Өткен жылдың қорытындысы бойынша 10 өңірде 7 негізгі көрсеткіштің бесеуі бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың өсуі байқалады. Бұлар – Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстары мен Нұр-Сұлтан және Шымкент қалалары.

Дегенмен, коронавирустан туындаған дағдарыс кезінде төл теңгеміз әлсіреді. Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың мәлімдемесіне сенсек, 10 пайызға құнсызданған. Ал инфляция деңгейі өткен жылы 7,5 %-ды құрапты. Бағаның өсуіне әсіресе, азық-түліктің қымбаттауы әсер еткен. Ол бір жылда 11,3 пайызға шарықтады.  Сондай-ақ, жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны да өткен жылы едәуір баяулапты.

Руслан ДӘЛЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:


2020 жылы нақты сектор экономикалық драйвер болды. Ондағы өсу 2 пайызды құрады. Көрсетілетін қызметтер үшін өткен жылы  минус 5,6%-бен аяқталды. Нәтижесінде жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны минус 2,6 %-ды құрады.

А. Мүтәлі