Русский Сайттың толық нұсқасы

Таудан аққан қар суы ауылға қауіп төндірді

  • AstanaTV
  • 13 қаңтар 2021
  • 3958

Жамбыл облысындағы Майтөбе ауылы тұрғындарына таудан аққан қар суынан қауіп төнді. Күннің күрт жылынуынан ағын су халықты әбігерге салған. Абырой болғанда үйлерге су кірген жоқ. Таңға дейін арнайы техникалар арықтар қазумен болды. Су жайылған ауылға әріптесім барып қайтты.

Су ауылға кеше кешкі 6-лар шамасында келе бастаған. Ағын іргеге жеткенде, тұрғындар төтенше жағдай мамандарына хабар беріпті.  

Берік ЖҰМАБАЙ, ТІЛШІ:

Таудан аққан қар суы ауыл ішіне дейін кіріп, көшелерді шайған. Алайда, үйлердің іргетасынан аспаған. Тек ауладағы қора – қопсыны су басқан. Өздеріңіз көріп тұрғандай жайылған су тобықтан асады.  

Салтанат ЖОЛТАЕВА, МАЙТӨБЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жел тұра бастады қатты, жел тұрды артынша жаңбыр жауды. 12-лерде мына жер толды ғой су. Есіктің алды лесницаға дейін су болды ғой. Түнде әшейін етік киіп шықпасаң резиновый жүре алмадым.


Гүлнұр СЕГІЗБАЕВА, МАЙТӨБЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Күн жылы болып кетіп ауа-райы таудан су ағып, мынау жоғары жағымыздан келіп қорамыздың бәрін су алып кетіп, түнімін бала-шағамызбен суды тасып жатырмыз қорадан.


Жайылған су тас жолдан өткен жолаушылардың да зәресін алған сияқты.

Берік ЖҰМАБАЙ, ТІЛШІ:

Артымдағы Қаратау жоталарынан аққан су дәл осы жерге келіп жиналған. Судың көлемінің көптігінен мына өткелден өте алмай, тас жолдан асып ауылға қарай аққан. Ауыл тұрғындарының айтуынша бұл жағдай 40 жылда үшінші рет қайталанып отыр екен.  


Байырғы тұрғындар 1985 жылы тіпті үйіміздің ішіне дейін кіріп кеткен еді деп еске алды. Кейін 2000 жылдары да елді-мекен еріген қар суының астында қалған көрінеді.

Атқамінерлер таңға дейін ағын сумен күрескен. Олар қосымша арықтар қазып, су арнасын ауыл маңындағы Билікөл көліне қарай бұрып жатыр.

Ербол СМАЙЛОВ, БЕРІКҚАРА АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Шағал тас төсегеннен кейін барып біз қосымша, су деңгейі көп болғандықтан екінші арық қаздық. Ол арық екінші жүйесі барады да бізде екінші тау жотасынан келген Амансай өткеліміз бар яғни Амансайдан арық арқылы көл жағаға кетеді.

Қазіргі таңда қауіп сейілген. Енді округ әкім оқыс оқиға болдырмас үшін биыл бюджеттен қаржы сұрамақшы. Су арнасын ауыл сыртымен айналып өтетін бөгеттер салдырамын деп отыр. Жоспар қалай жүзеге асады, ол уақыттың еншісінде. Әзріге қанша қаражат кететінінде белгісіз.  

Б. Жұмабайұлы