Русский Сайттың толық нұсқасы

Көмір шахтасында бір адам қайтыс болып, екеуі ауруханаға жеткізілді

  • AstanaTV
  • 14 қаңтар 2021
  • 2857

Қарағанды облысындағы «Ленин» шахтасында болған қайғылы оқиғаға қатысты арнайы комиссия құрылды. Жер астынан шыға алмаған кеншінің денесін, бүгін төтенше жағдай мамандары жер бетіне шығарды. Құтқару операциясы 17 сағатқа созылған. Марқұм Николай Шадировтың артында екі баласы қалды. Ал, уланып қалған екі кенші қазір ауруханада жатыр.  Асылбек Данияр тақырыпты жалғастырады.

Төтенше жағдай кеше кешкесін болған. Бұл кезде үш жұмысшы жерден 840 метр тереңде жұмыс істеп жатқан. Олар ұңғыманы бұрғылаған. Сарапшы мамандар сол кезде кенеттен метан газыбөлініп, көмірдің ұсағы шашырай бастаған деп отыр. Тау-кен шебері мен машинистің көмекшісі апат орнынан қашып құтылған. Ал машинист ұңғыма түбінен шыға алмай қалған көрінеді. Тәжірбиелі кенші, тіпті құтқару құрылғысында киіп үлгермегені белглі болды.

Кеңгірбай ЕСЕНЕЕВ, ҚР ТЖК, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ӨНЕРКӘСІПТІК ҚАУІПСІЗДІК КОМИТЕТІ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Метан мен көмір ұсақтарының бөлінуі жоғарылаған кезде, газ динамикалық құбылыс болды. Муртахов пен Изячин апат болған жерден бірден бой тасалап үлгерген. Шадиров болса, ұңғыма түбінен шыға алмады. Аталған апатты тексеру үшін Төтенше жағдай министрлігі, Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің жанында комиссия құрылды .


Дегенмен бой тасалаған кеншілердің өзі қазір ауруханада жатыр. Дәрігерлер олардың өміріне қауіп жоқ дейді. Екеуі де уланып қалған.   

Боранқұл МАХИН, Х.Ж.МАҚАЖАНОВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ТРАВМАТОЛОГИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:


Олар бізге шахта газдарымен, оның орташа ауырлықтағы көміртегі тотығымен жедел ингаляциялық улану диагнозымен келіп түсті. Бұл улы энцефалопатия. Науқастарды орталық мамандары толығымен тексеріп шықты. Қазіргі уақытта жағдайлары тұрақты.

Оқиға болған кезде шахтада үшінші ауысымдағы 137 жұмысшысы жер астында болған. «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы басшылығының айтуынша, олар зардап шеккен жоқ. Алайда басшылық бірқатар сұрақтарға жауап бермеді.  Шахтаның апаттық жағдайды ескерту жүйесі жұмыс істеді ме ол жағы да беймәлім. Алпауыт кәсіпорын жазбаша мынаны ғана хабарлады.

"АРСЕЛОР МИТТАЛ ТЕМІРТАУ" КОМПАНИЯСЫ:

"Арселор Миттал Теміртау" компаниясының ұжымы мен басшылығы, әріптесіміз, бұрғылау қондырғысының операторы Николай Шадировтың отбасы мен достарына көңіл айтамыз. Компания марқұмдардың отбасына барлық қажетті көмекті көрсететін болады.

Айта кетсем, бұл "Ленин" шахтасындағы бірінші төтенше жағдай емес. Газға ұқсас лавалар 2006 жылы жарылған еді. Техногендік апаттың салдарынан 41 кенші мерт болды. Бұл жолы оқиғаға не себеп болғанын мемлекеттік комиссия анықтамақ.

А. Данияр