Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркістанда бір жыл бұрын ғана пайдалануға берілген үйде ақау көп

  • AstanaTV
  • 14 қаңтар 2021
  • 1596

Түркістанда пайдалануға берілген жаңа үйлердің сапасы сын көтермей тұр. Бір жыл бұрын ғана тұрғындар қоныстанған көпқабатты пәтердің бүгінде қабырғасы қақырап қалған. Мемлекеттік бағдарлама бойынша берілген баспаналарда тұрып жатқандар әр таңды үреймен атырып жатқандарын айтады.  

Түркістандағы көпқабатты жаңа үйлерден баспана бұйырған Әбілғазы Бейсеновтың пәтерінде бүтін қабырға жоқ іспетті. Үш бөлмесінің де қабырғалары қақырап, төбесінде сызат пайда болғанын айтады. Тіпті көпқабатты үйдің іргетасы да ажырап, шөге бастағанын көрсетті.

Тұрғындардың айтуынша, жертөледегі бетон тіреуіштердің өзі босап қалған. Салдарынан Отырар мөлтекауданындағы бірнеше пәтердің қабырғасы ырсиып тұр. Жарықшақтар күн өткен сайын ұлғайғанынан шошынған тұрғындар үйдің апатты екенін айтып, әкімдіктен көмек сұрай барыпты. Арнайы құрылған комиссия құрылыстың сапасыздығын растап берген. Шаһар әкімі бағасына қарай сапасы дегенді де айтып қалды.    

Рашид АЮПОВ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:


Түбінде су беретін трубасы жарылған. Үш ай бойы ешкім қарамаған оған,  ол рас. Сөйтіп үш ай ішінде су бетонға әсер етіп, осадка берген, ол рас. Бірақ ол үй аварийный емес. Бұл жерде тағы айтып кету керек, бұл үйлер менің ойымша Қазақстан бойынша ең арзан үйлер. Өйткен әр шаршы метрі 122 мың теңгеден салынған. Барлық жақта 180 мың болып жатқанда.

Қала әкімі үйдің іргетасын бекемделгенін жеткізді. Алайда тұрғындар мердігер мекеме тек жыртықтардың үстін жамап кеткенін айтып отыр.

Сәуле МОЛЖІГІТОВА, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Істеп бергенін қайтейін, артынан сөгіліп, жарылып жатса. Оны ертеңгі күні қандай нәрсе болатынын өзіміз қорқамыз бала-шағамызды  тастап кетуге, басқа қылуға..Жұмысқа шыға алмай отырмын өзім. Әр жерден жарылып жатыр, төбеден, астынан. Оның үстіне жылуға да жарып жатқан жоқпыз.


Айта кетейік, Түркістан - облыс орталығы болғалы құрылыс қарқын алған. Алайда асығыс істелген жұмыстың сапасы сын көтермей тұр. Шаһарда құрылысы аяқталған тоғыз үйдің жетеуін қайта жөндеуге тура келген. Қалған екеуі әлі тапсырылмапты.  

А. Төребекқызы