Нұр-Сұлтанда ертеңнен бастап карантин талаптары күшейтіледі. Бұған адамдардың жауапсыздығы мен індет жұқтырғандар санының артуы себеп. Бұл туралы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті хабарлады. Бас санитарлық дәрігердің қаулысы, ертеңнен бастап күшіне енеді. Онда барлық ұйымдар мен кәсіпорындар қызметкерлерінің 80 пайызын қашықтан жұмыс істеуге жіберу керектігі көрсетілген. Бұдан бөлек, COVID-19-дың таралуы үдей түскен АҚШ-та дәрігер тапшылығы туындап отыр. Ал, Түркия Президенті халқын жаппай вакцинациядан өткізбек. Елдегі және әлемдегі эпидемиологиялық жағдайды әріптесім Асылбек Данияр тарқатып берсін.
Бұл Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген коронавирустың таралу қарқыны көрсетілген матрица. Мұнда, елорда "қауіпті қызыл" аймаққа кіргелі тұр. Қаланың бас санитарлық дәрігері біраз шаруаны қолға алмақ. Атап айтқанда, ертеңнен бастап бұқаралық жиындарға қатаң түрде тыйым салынады. Сондай-ақ кәсіпорындардың, базарлардың, сауда ойын-сауық орталықтарының жұмыс уақытына шектеу қойылады. Сауда орындары енді демалыс күндері жұмыс істемейді.
Сархат БЕЙСЕНОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ БАС САНИТАРЛЫҚ ДӘРІГЕРІ:
Қаңтардың алғашқы онкүндігінде елорда "қызыл" және "сары" аймақтың шекарасында тұр. Жаңа жылдық мерекелерден кейін инкубациялық кезеңнің аяқталғанын ескере отырып, коронавируспен ауыратын науқастар саны артып келеді. COVID-19 инфекциясына ПТР сынамасын тапсыратын адамдар саны 2 есеге өскен. Дәрігерге келіп көмек сұрайтындар саны артқанын атап өткіміз келеді.
Ал, кеше Түркия президенті Тайып Ердоған телеарналардың тікелей эфирінде COVID-19-ға қарсы вакцинаны қабылдады. Елдегі билік өкілдерінің айтуынша, бұл екпе - қоғам ішіндегі күмәнді сейілтуі керек. Мәлім болғандай мемлекет басшысына салынған препарат қытайда жасалған. Бүгінгі күні оны 250 мыңнан астам медициналық қызметкер ектіріпті. Ердоған алғашқы вакцинаны Анкара қалалық ауруханасында қабылдады. Ол бір күн бұрын елдегі алғашқы вакцинаны алған Денсаулық сақтау министрі Фахреттин Кожамен бірге келді.
РЕЖЕП ТАЙЫП ЕРДОҒАН, ТҮРКИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біз қысқа мерзімде барлық азаматтарға вакцина егуді мақсат етіп отырмыз. Қанша екпе егілу керек, оның саны да белгілі. Енді алдағы уақытта тағы 25-30 миллион доза жеткізіледі. Жаппай вакцинацияны тездетіп бастауға дайындалып отырмыз. Іске сәт!
АҚШ-та болса, медицина мамандары жетіспей жатыр. Вакцинация жүргізетін дәрігер аз. Осының кесірінен адам өлімі көбей түседі деген қауіп бар. Ресми дерек бойынша, қазірдің өзінде күніне 92 адам көз жұмады екен. Ауруханаға күніне 130 мың науқастан түсіп жатыр. Коронавирус - Калифорнияда әр үшінші адамға жұққан көрінеді.
Сэм АН, ФАРМАЦЕВТ:
Американың көптеген аймағында эпидемиологиялық жағдайға қиындап барады. Науқастарға көмектесетін дәрігер тапшы. Екпе егуге ірі кәсіпорындар кез-келген адамды жалдайды. Бірақ оларға қарапайым жұмыс қана үйретіледі, олар вакцинациямен айналыса алмайды.
Әлемдегі COVID-19-дың статистикасына көз салсақ, індет жұқтырғандар саны 94 миллионға жуықтаған. Ауру құрбандары болса 2 миллионнан асты. Қазақстанда да жағдай қиындап барады. Өткен тәуліктің өзінде 835 адамнан коронавирус табылды. Осы орайда дәрігерлер, халықты санитарлық талаптарға бейқам қарамауға шақырды.
А. Данияр