Русский Сайттың толық нұсқасы

Тобыл өңірінде қаңғыбас иттер малды талап жатыр

  • AstanaTV
  • 19 қаңтар 2021
  • 1926

Қаңғыбас иттен қауіп төнді. Тобыл өңірінде бір топ ит, қораға шауып, малды талай бастаған. Қамысты ауданына қарасты Алтынсарин ауылының тұрғындары қаңғырған қалың саққұлақтың зардабын тартып отырғанын айтады. Бір топ ит ауылға бір апта бұрын қаптапты. Қазірдің өзінде ауылда 12 қой шығын болған. Тұрғындар әкімдікке арызданып барған екен, алайда атқамінерлер, "ит ататын ақшамыз жоқ", деп шығарып салыпты. Осыдан кейін ит атуға тұрғындардың өзі кіріскен.

Асхат ӘБІЛОВ, АЛТЫНСАРИН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біздің ауылда қаңғыбас иттер проблемасы көптен бері көтеріліп келеді. Иесіз иттер аула кезіп, қора аралап кетті. Тұрғындар талай рет шағымданды. Әкімдіктен көмек жоқ. Сосын маған көмек сұрап келді. Мен ветеринарлық станса мен полициядан рұқсат алып, қаңғыбас иттерді атып тастадым.

Жергілікті серіктестіктің қолдауымен Асхат Әбілов 25 иттің көзін құртқан. Қазір ауыл іші қалың иттен арылды. Ал, "Қораға қасқыр немесе белгісіз бір жыртқыш шапты", деген қауесет көрінеді. Мұндай хабарлама әлеуметтік желілер арқылы тарай бастаған. Елді мекен маңайын шолып шыққан аңшылар ешқандай түз тағысын кездестірген жоқ, дейді ауыл тұрғыны.

З. Санай