Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодар облысында шаруалар дабыл қақты

  • AstanaTV
  • 22 қаңтар 2021
  • 2787

Павлодар облысында шаруалар дабыл қақты. Өткелдің жоқтығынан тұрғындар өзеннің ар жағындағы шөпті әкелуге бастарын қатерге тігуге мәжбүр. Өйткені, малмен жан сақтап отырған ағайынның жем азығы таусылған. Жазда шапқан шөптерін қыста тасып күнелткен Баскөл тұрғындары өзенге өткел салып берсе деген арманмен келеді. Мәселе өткен ғасырдан бері айтылса да, әзірге оған өңірде құлақ асар жан табылмапты. Ауылдықтар жан-айқайын тілшіміз тыңдап келді.

Май ауданына қарасты Баскөл ауылында 20-ға тарта шаруа қожалығы бар. Тұрғындардың басым көбі ата кәсіпті нәсіп еткен. Ауылда жалпы саны 15 мыңдай төрт түлік бар. Оның барлығына жем-азық дайындауға жер жетпейді. Сондықтан, шаруалар Ертіс өзенінің ар жағынан шабындық жер алған. Енді өзеннен шөп тасуға өткел жоқ.

Амангелді КЕНЖЕҒАРИН, ШАРУА ҚОЖАЛЫҚ БАСШЫСЫ:

Мал шаруашылығының азығын дайындау үшін біз осы Ақсу өткелі арқылы ар жаққа өтеміз. Ең бірінші қиындық мәселе осы туындап тұрған. Бұл енді өткен ғасырдан бері айтылып келе жатқан мәселе. Бірақ, істелінген жоқ. Ең бірінші туындайтын қиындық шөпті шығару.  Шөпті шабу. Өткел деген мәселе біздегі қиындық.

Асқар АЙТМҰҚАШҰЛЫ, ТРАКТОРШЫ:

Жаздың кездері паронмен ол вообще қиын. Оны айналдыру керек бәлен сағат. Қаншама очередь тұрады. Түгелі шөптерін таси алмайды. Парон түгелі шіріп кетті уже түсіп кетеді.

Жазда қайықпен өтіп шөп шапқан ағайын қыс түсе, мұз үстімен қатынайды. Алайда, ауыр техникамен өту қауіпті – деп отыр. Десе де, малмен күн көріп отырған баскөлдіктерге бұдан басқа тәуекел болмай тұр.

Амангелді ҚҰСАЙЫНОВ,  БАСКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мезгілсіз уақытта түссек мұз опырылып кетеді. Мұз опырылған күніміз болды. Үлкен ағаларымыз кезінде суға кеткен. Онан кейін де болды. Су тасып жатып, паронмен суға кеткендерде болды.

Ал жергілікті билік мәселені шешуге қаражат қолбайлау екенін айтып ақталды. Бұған бюджеттен арнайы бөлінбегендіктен, мәселені тек мемлекеттік жеке меншік серіктестік арқылы ғана шешуге болатынын айтты.

Марат АҚТАЕВ, МАЙ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Біз оның қазір жолдарын қарастырып жатырмыз. Бірақ, ол оңай нәрсе емес. Ол жерде жанағы инструментті табу керек. Инструмент бүгінше ГЧП-ны айтқанбыз. ГЧП-мен егер частный патнер сол азаматтардың біреуі шықса, мысалы үлкен деген бір шаруа қожалық мен кірем  - деп қалғандары оған қосылып, онда біз Үкімет тарапынан ертең-ақ, кірісуге дайынбыз.

Аудан әкімі өткел салуға инвестор іздеп жатқанын жеткізді. Бірақ, инвестордың қашан табылатынын өздері де білмейді. Сондықтан, баскөлдіктер өзенді қайықпен, ал қыста бастарын қауіпке тігіп мұз үстімен жүруден басқа амал қалмай тұр.  

Ө. Қуанар