Русский Сайттың толық нұсқасы

ШҚО алғашқы қар түсті, екі ауылда дауылдың зардаптары жойылуда

  • AstanaTV
  • 13 қыркүйек 2017
  • 2899

Шығыс Қазақстан өңірінде қатты дауылдан келген шығын көлемі есептеліп жатыр. Табиғаттың тосын мінезінен әсіресе Көкпекті ауданы қатты зардап шеккен. Секундына 34 метр жылдамдықпен соққан жел аумағы 600 шаршы метрді құрайтын аудандық аурухананың шатырын жұлып кетті. Сондай-ақ, 12 пәтерлі үйдің тұрғындары далада қалды. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. 

Анастасия Скляр, ШҚО ТЖД баспасөз хатшысы:

Оқиға орнында арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Олар шығын мөлшерін анықтап, нысанның шатырын қалпына келтіру мәселесін шешуге кірісті. Ескерту болды, ауа температурасы -3-градусқа дейін төмендеп, қатты жел тұрады деген хабарлама таратылған болатын.

Өскеменде дауылдан электр тарату желісі зақымданды. Оншақты үй жарықсыз қалды. Бүгін оларға электр берілді.

Тұрғындар әлеуметтік желілерде дауылдан келген зардапты бейнелейтін суреттер жүктеп жатыр. Риддерде  темір конструкциялар құлап, бірнеше көлікті жайпап, аялдамалар мен ағаштарды жайратып кеткен. Ал, Глубокое ауданында бүгін таңертең алғашқы қар түсті. Өңірде жауын-шашын туралы ескертпе әлі сақталады. Синоптиктердің болжауынша,  бүгін-ертең қатты суық болады, кей жерлерде сынап бағанасы -4 градусқа дейін төмендеуі мүмкнін.