Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралдықтарды көшеде биге шақырған жігіттің ісі енді сотта қаралады

  • AstanaTV
  • 22 қаңтар 2021
  • 2201

Оралдықтарды қаланың қақ ортасында биге шақырып, жүргіншілердің мазасын алған жас жігіт, енді сот алдында жауап береді. Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің дерегінше, сауда орталығының алдында билеген биші қоғамдық тәртіпті бұзыпты. Оқиға орнына тәртіп сақшыларын мазасын алған тұрғындары шақырған.

Қалжыңбас қалалықтардың бірі жігіттің көшеде билеп тұрған сәтін монтаждап, бейнеклип те әзірлеген. Бұл видео әлеуметтік желіде кеңінен таралды. Дегенмен «биші» жігіттің жүйке ауруына шалдыққаны анықталды. Ол осыған дейін қаладағы сауда орындарының бірінде ұрлық жасағаны үшін істі болыпты. Бұдан кейін де үйіндегі заттарды ұрлап сатқаны үшін көзге түскен. Тәртіп сақшылары оны ұстауға күш қолдануға мәжбүр болған.

Мөлдір САДЫРҒАЛИЕВА, БҚО ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІ МАМАНЫ:

Бұл азаматтың ішімдік ішкені анықталды. Ол полицейлерге бағынбай, қарсылық көрсетті. Кейін анасы ұлының жүйке ауруына шалдыққанын, бірақ тіркеуде тұрмағанын жеткізді. Дегенмен оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Енді заң өкіліне бағынбағаны үшін сот алдында жауап береді.

Енді оның ісін сот қарайтын болды. Заң өкілдеріне қарсылық көрсеткені үшін 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеуі мүмкін. Немесе 5 тәулікке қамалмақ.

Е. Карин