Русский Сайттың толық нұсқасы

Өрттен қайтыс болған әкімнің туыстары оқиғаның мән-жәйін айтып берді

  • AstanaTV
  • 13 қыркүйек 2017
  • 3533

Ақтөбе облысында өрттен қаза тапқан ауыл әкімінің туыстары төтенше жағдай кезінде жауапты мекемелердің қамсыз болғанына наразы. Сондай-ақ, олар аудан басшылығы қате ақпарат берді деп отыр. Ал Төтенше жағдайлар департаменті мен аудан әкімінің орынбасары, қолдан келген көмектің бәрін жасадық, адам өліміне ауа-райының тосын мінезі кінәлі, дейді. Тараптардың пікірін Жақсыбек Кемал тыңдап келді.

Бұл Әйтеке би ауданының Сұлукөл ауылы маңында болған өрт. Ауыл әкімі осы қызыл жалынның ортасында қалып қаза тапқан еді. Тағы үш адам ауруханада көз жұмған. Ауыл әкімі Батырбек Бірлепесовтың туыстары осы қайғылы жағдайға қатысты бірқатар деректерді жайып салды. Айтуларынша, аудан басшылығы мен Төтенше жағдайлар департаменті мамандары дер кезінде әрекет етпеген. Амалы таусылған сұлукөлдіктер қызыл жалынмен өздері күресуге мәжбүр болған. 

Кенжеғали Қошанов, марқұм Б. Бірлепесовтың ағасы:

Өрт сөндіретін ауылдан 20-30 адам шығады. Одан көп шықпайды. Соларды бір оқытып, өрт осылай келгенде, былай істеңдер деп оқытып, жанбайтын, өртке шыдамды киімдер, соның 10 комплектін болса да, біздің акиматқа апарып тапсырып, міне, мынаны бір жерге қой, өрт болғанда кигізесің деп. Шықпау керек еді дайын бомағаннан кейін дейді. Қалай шықпайды? Өрт үйдің іргесіне келіп тұр. Қатын бала-шағасы өртеніп кете ме?

Бұған дейін жергілікті басылымдардың бірінде аудан әкімінің сұқбаты жарияланды. Ол ауыл әкімі Бірлепесовтің өрт кезінде сырқаты сыр беріп, құлап қалғанын айтқан. Ал марқұмның туыстары оны жоққа шығарып отыр. Медициналық сараптама өлімнің себебі күйіктен болғанын көрсетті, әрі  бауырымыздың ешқандай сырқаты болған емес дейді.

Төке Ерімбетов, марқұм Б.Бірлепесовтың жездесі:

Ол ауру болып бір жерде учетта тұрса екен. Ибрашев жолдас неге негіздеген екен? Ол информацияны білмеймін, опровержение берсін газетке ол кісі.

Ал аудан әкімінің орынбасары "басшысының сөзін газет тілшісі қате түсініп қалған болуы мүмкін" деген уәж айтты.Сондай-ақ, марқұмдардың туыстарына қажетті көмектер беріліп жатқанын жеткізді. 4 адамның қазасы табиғаттың тосын мінезінен болды дейді.

Темірбек Рахметов, Әйтеке Би ауданы әкімінің орынбасары:

Шквалистый ветер дейді, сол 380 градусқа бұрылып, келе жатқан өрттің бағытын өзгертіп, кері қарай шапқан кезде, сол өрт сөндірушілердің ішінде үшеуі өртке оранып, күйік  шалады. Аудан әкімшілігі тарапынан ол кісілердің үйіне, мен өткенде де айттым, елдік тұрғыда көмектер, материалдық көмектер, қайыр айту деген секілді, сондай қызметтер атқардық.

Белгілісі, сол күні аудандағы 7 селолық округте дала өрті болған. Ал, облыс орталығынан өрт сөндіретін бір көлік қана көмекке барған. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының айтуынша, Сұлукөл ауылында да мамандар жұмыс істеген. Бірақ, олар ауыл әкімі қаза тапқан сәтте қасында болмаған.

Бауыржан Сыздықов, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы:

Сұлукөлге барған күштер мен құралдар, оның дәлелі бар. Және оның қай кезде шыққаны бар. Қанша адам, қанша техника шыққаны. Оның бәрі біздің журналда тіркелген. Ол жерде біздің адамдар 2 қыркүйекетен бастап жұмыс істеді. 200, 160, 120 шақырым жерлерге күштер мен құралдарды жіберіп жатырмыз. 

Жақсыбек Кемал, тілші:

Дегенмен, марқұмдардың туыстары ауылға өрт сөндіруге арналған арнайы киімдер бөлінбегенін және еріктілер дер кезінде оқытылмағанын айтады. Жауапты тұлғалар болса, шынымен солай болды ма, жоқ па, жалпы мәселенің мән-жәйі тексеру жұмыстары аяқталған соң ғана белгілі болады деп отыр.

Жақсыбек КЕМАЛ