Шымкенттегі арнайы интернаттағы қыздарды кім зорлаған? Бұл сауалға енді полиция жауап іздемек. № 2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығындағы қыздарға жаппай жүктіліктен қорғайтын құрылғы салынған ба? Жабық мекемеде болып жатқан сұмдықты сол жердегі науқастардың бірінің анасы кездейсоқ білген. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазба авторы бірінші топтағы мүгедек қызының арын таптағандарға жаза көруді сұрап отыр.
Әлия Мамытованың шарадай басы шақшадай болғалы үшінші ай. Айтуынша, 29 жастағы жарымжан қызын зорлағаны былай тұрсын, оған жүкті болып қалудан қорғаныш құрылғысын салғанын кездейсоқ біліпті. 8-қараша күнгі кездесуде қызының жайсыз сезінгенін байқап сұрақтың астына алған. Сырқаты жанына батып жүргенін айтқан қызы, дәрігерлердің «спираль» деген укол салғанын айтқан. 2011 жылы пәк болған қызыма жау алыстан келмеген дейді ашынған ана.
Әлия МАМЫТОВА:
Зорлауы мүмкін. Мен өз көзіммен разрывты көрдім, өз көзіммен. Өйткені тәуелсіз экспертизаға мен қосылып кірдім. Өз көзіммен көрген нәрсені, экспертизаның жауабына мен қанағаттанбаймын, сондықтан шықтым мен. Үш ай күттім. -Кім зорлауы мүмкін деп ойлайсыз? –кім зорлауы мүмкін, ...сол жердегі... күдігім, спиральды не үшін сап қояды, спиральды салып қойып зорлап жүре береді сол жердегі мед.работники...-интернаттың? –Интернаттың.
Жалғызбасты ана 1-топтағы мүгедек қызында талма ауруы болғандықтан, күнкөрістің қамымен 10 жыл бұрын арнайы орталыққа өткізуге мәжбүр болғанын айтып отыр. Қазір № 2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында қырықтан аса қызды жүкті болудан қорғайтын спираль салынғанын анықтапты. Мекеме басшыларынан мән-жайды сұрап білмек болған ек. Алайда басшылар табылмады.
Болған жағдайға байланысты мекемеде тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасындағылардың жауабы. Жауапты өкілдің білуінше психоневралогиялық ауруы бар қыз-келіншектерге спираль денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы негізінде салынады.
Ботагөз ОСПАНОВА, ШЫМКЕНТ қ. ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ БАСҚАРМАСЫ БӨЛІМ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН УАҚЫТҚА АТҚАРУШЫ:
Денсаулық сақтау министрлігінің 626 бұйрығына сәйкес осы балаға спираль салынған. Қайта 43-ші бұйрықпен қайта ауыстырылған осы 2020 жылы 5-маусымда. Спираль салу себебі жалпы бұлар әрекетке қабілетсіз адамдар болғаннан кейін соттың шешімімен бұлар әрекетке қабілетсіз болып тағайындалған. Психоневрологиялық аурулары бар, сол себепті бұл кісілерге қойылады осы спираль.
Тек бұл науқастардың ата-аналарына ескертілуі тиіс екен. Бірақ Толғанайдың анасы бұл жағдайдан хабарсыз. Басқармадағылар бұны қателік деп санамайды. Ал спиральды мекемедегілерден емес, сыртта яғни ата-анасының үйіне барған кезде бөгде адамдардан сақтану деп түсіндірді. Қазір бұл іспен полиция айналысып жатыр. отқа дейінгі тергеу аясында мекемеде жұмыс істейтін барлық ер адамдардан жауап алынады. Полиция аталған орталықта 2010 жылдан бері жұмыс істегендерді де назарға алып отыр.
А. Төребекқызы