Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыда республикалық «Учаске» акциясы басталды

  • AstanaTV
  • 13 қыркүйек 2017
  • 3238

Қарағандыда республикалық «Учаске» жедел алдын алу шарасы басталды. Акцияның мақсаты - түрлі деңгейдегі қылмыстардың алдын алу, қоғамдық тәртіп орнату. Заңсыз қару-жарақ сақтаушылар да назарға алынбақ. Шара барысында барлық учаскелік инспекторлар шаһардағы аулалар мен үйлерді аралауға кірісті.

Айжан Қуаш, тілші:

Учаскелік инспекторлардың жұмысы кешке қызады. Жұмыс басты қалалықтарды үйлерінен дәл осы кезде табуға болады. Әр сақшы өзі қызмет көрсететін аумақтың әр тұрғынын бес саусақтай білуі тиіс.

«Апа, осы үйде кіммен бірге тұрасыз? -Қызыммен. -Бұл үйде тіркелгенсіз бе?-Тіркелгенбіз».

Талғат Өтебаев осылайша ең алдымен пәтер қожайымен танысты. Тұрғынның жеке бас мәліметтері мен заңды мекен-жайын жазып алған соң, осы деректер арқылы ақпараттар базасынан әр азаматтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы анықталады. Инспектордың қарамағында 19 үй бар. Ол үйлердегі 2 мыңдай пәтерді аралап шығуы тиіс. Алайда, жергілікті тұрғындармен байланыс орнату оңай емес. Біреулер есік ашпайды. Кейбірі тиісті мекен-жайда тұрақтамайды.

Талғат Өтебаев, Қарағанды қалалық ІІБ жергілікті полиция қызметінің  учаскелік инспекторы:

Тұрғындардан алынған мәліметтерді базаға енгізіп тексереміз. Кім бұрын сотталды, әкімшілік жауапкершілікке тартылды, тіркелген бе, жоқ па, барлығы бірден анықталады. Сөйтіп, кей азаматтар бақылауға алынады. Ал, тіркелмеген адамдарға, алдымен ескерту жасаймыз. Заңға бағынбаса, 7 АЕК көлемінде, яғни 14 мың теңге әкімшілік айыппұл салынады. Сомма бір аптада төленсе, екі есе қысқарады.

Учаске акциясы осылайша қоғамда темірдей тәртіп орнатып, қала тұрғындары туралы ақпараттарды жүйелеуге септігін тигізбек. Жыл сайын осы шара барысында іздеуде жүргендер, алимент төлеуден қашқандар мен ондаған күдіктілер қолға түседі,-дейді сақшылар.

Айнұр Базарбаева, Қарағанды қалалық ІІБ жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы:

Қылмыстар, соның ішінде экстремизм мен терроризм көріністерінің алдын алу, оларды ескерту, көші-қон заңнамасын бұзу, сонымен қатар қару-жарақтарды сақтау тәртібін бұзу бойынша күшейтілген іс-шаралар жүргізіледі.

Айжан Қуаш, тілші:

Дегенмен, үйлерінде қару-жарақ сақтайтын азаматтар камера алдында инспекторларға мылтықтарын көрсетуден бас тартты. Сондықтан суық қаруларды сақтау ережесінің орындалу барысы акция барысында қатаң тексерілмек. Заңсыздары тәркіленеді. Ал жедел іс-шара желтоқсанның біріне дейін жалғаспақ.

Айжан ҚУАШ