Русский Сайттың толық нұсқасы

Елордада бүтін бір тұрғын үй кешені жылусыз қалды

  • AstanaTV
  • 25 қаңтар 2021
  • 1960

«Қытымыр қыста жылусыз қалдық». Елорда тұрғындары қаңтардың ең аязды күндері далада ғана емес, үйінде де бүрсең қағып жүр. Қаланың қақ ортасындағы 7 қабатты бүтін бір тұрғын үй жылуға жарымай отыр. Биыл ғана қоныс тойын тойлаған олар баспананы сатқан құрылыс компаниясын таппай сабылып жүр. Берекесі қашқан баспана жайында Айя Мүтәлі тарқатады.

Айя МҮТӘЛІ, ТІЛШІ:

Мұндағы тұрғындардың жанына батқаны әсіресе, Елорданың қақаған қысында жылуға жарымай отырғанымыз, дейді. Мәселен, дәл қазір сыртқы градус минус 20-ны көрсетіп тұр. Подъездегі температура дәл сондай.

 
Тоғжан Досыбаева су жаңа пәтерін мемлекеттік бағдарламамен 4 ай бұрын ғана сатып алған. Қуанышы ұзаққа созылмапты. Қыстыгүні шиеттей бала-шағасымен үйдің ішінде қымтанып жүруге мәжбүр. Себебі, оларға берілген жылудың қуаты жоқ. Онысымен қоймай, құрылыс компаниясы бұл қызметтің тарифін де аспандатып қойған. Тоғжан «бір айға бір бөлмеге 32 мың теңге сұрағанда, төбе шашым тік тұрды», дейді.

Тоғжан ДОСЫБАЕВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Бұл отопленияға төлеу мүмкін емес. Төлеу болғанда, ол үйдің іші суық. Мұз қатып, біз прям кофта мен курткамен отырамыз.


Бұл бір ғана пәтердің емес, 65 шаңырақтың басы қатқан проблема болды. Даудың өзі жылыту маусымы басталғаннан тоқтамай келеді. Құрылыс компаниясы әуелде коммуналдық қызмет толығымен орталықтандырылды дегенімен, артынан су да, жарық та тиісті мекемелердің қарауына жатпайтыны белгілі болған. Ал баспананың өзі автоматтандырылған жүйеде дизель отынымен жылытылатын болып шықты. Отынның бағасы қымбат болғандықтан, оны өтеуді де компания тұрғындардың мойнына артып қойыпты   

Гүлнар ЫСҚАҚОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бізге әрбір қызметтің ақысын ел қатарлы түбіртек арқылы емес, ватсапп желісі арқылы қағазға жазып жібереді. Біз кімге қандай сомма төлеп жатқанымызды да білмейміз. Қалалық су арнасы мен жарыққа жауапты мекемеден де ешқандай көмек ала алмаймыз. Бұл не сұмдық? Компанияны тайрандатып қоюға кім рұқсат берді? Неге шара қолданбайды?

Наразы топ құрылыс компаниясына талай мәрте арызданған. Әзірге естір құлақ, көрер көз болмай тұр деп ашынады. Амалы таусылған олар бірауыздан жылу жүйесіне «соқыр тиында бермейміз» деп шешкен. Мұны естіген компания ашуға булығып, ара-тұра үйдегі коммуналдық қызметтің бәрін өшіріп тастауды әдетке айналдырыпты.   

Бір күн бойы отопление болмады. Свет болған жоқ. Ыстық су болған жоқ. Салқын су әрең жүріп тұрды. Бетонның үстінде жаттық та қойдық.

Жаңа үйдегі «у-шудан» аудандық әкімдік те хабардар. Олар бұл үй құрылыс компаниясының алғашқы жобасы екенін айтты.
 
Қайрат АЗИМОВ, НҰР-СҰЛТАН қ, АЛМАТЫ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 
Бірінші үйі, Бірінші үйінен облажался ғой. Енді мен Нұр-Сұлтан қаласынан үй салмаспын деп өзінше әкімдікті кінәлап қояды. Біз әбден қысым жасағанбыз, жарайды соляркаға скидкаға жасайық, үйтейік бөйтейк деді. Ол мені не устраивал честно.

Ал құрылыс компаниясы болса, жүзбе-жүз сұхбат беруден бас тартты. Қызметкерлерінің барлығы дерлік басқа қалада жүр-мыс. Бір анығы, олардың  жергілікті әкімдікке деген өкпесі қара қазандай. Тиісті көмекті дер кезінде көрсетпеді, жан-жақты қолдау білдірмеді, деді. Дейтұрғанмен, тұрғындардың мәселесін шешу үшін дизель отынына төленетін қаржының 30 пайызын өз мойнымызға аламыз деп шешіпті.

Жәнібек МҰХАМЕДЖАНОВ, МЕРДІГЕР МЕКЕМЕНІҢ МЕНЕДЖЕРІ:


Коммуналдық жүйелерді орталықтандыру үшін біз әкімдіктен талай рет көмек сұрағанбыз. Жауап жоқ.  Су құбырын өзіміз тарттық. Жылуды да шешіп беруге тиіс еді. Бірақ, бұл сұранысымызды да елеусіз қалдыруда. Біз де екі ортада күйіп отырған адамдармыз. Өз тарапымыздан қолдан келгенін жасадық. Шамамыздың жеткені осы.

Ал қалалық әкімдік болса, араға тілшілер кіріскен соң ба, құрылыс компаниясымен бір бітімге келуді ұйғарды. Тұрғындардың мәселесін шешу үшін екі жақты келіссөз өткізді. Нәтижесі де жоқ емес. Баспана автомандандырылған жүйеде емес, табиғи газбен жылытатын болды. Тек биыл емес. Келесі жылыту маусымында.  

Мақсат ЕСМАҒҰЛОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ ОТЫН-ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ РЕСУРСТАР БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Бұл бізде салыстырмалы түрде қарағанда бірнеше есе жылы, әрі одан арзан болады. Аудандық әкімдікпен бірге аталған сұрақты басқаша бір шешу жолдарын қарастырып жатырмыз. Бүгін міне біз тапсырма бердік. Бүгін міне кештен бастап олар қажетті температуралық режимге шығып, сол деңгейде ұстайтын болады.

Ал биылғы жылыту маусымын тұрғындар қалай аяқтайтыны белгісіз. Әкімдік оларға салмақ салмас үшін құрылыс компаниясымен әлі талай жиналыс өткіземіз деп отыр. Осы аптада екі жақты дауға нүкте қойылып, бір тоқтамға келетін боламыз деп уәде етті.  

А. Мүтәлі