Русский Сайттың толық нұсқасы

Депутаттар зейнет жасын 60-қа дейін қысқартуды ұсынды

  • AstanaTV
  • 27 қаңтар 2021
  • 4349
Зейнет жасын 60-қа дейін қысқарту қажет. Мәжіліс депутаттары бүгін осындай бастама көтерді. Олардың пайымынша осылайша еңбек нарығындағы ахуалды дұрыстауға болады. Сонымен қатыр, депутаттық сауал жолдаған мәжілісмендердің дені Денсаулық сақтау министрлігінің жұмысына шүйлікті. Әріптесім Айя Мүтәлі тақырыпты тарқатады.

Бүгінгі Мәжіліс отырысы әдеттегідей емес, қызу өтті. Депутаттардың жаңа құрамы алғашқы жиындардан көзге түскісі келді ме, әйтеуір бірінен соң бірі, халықты алаңдатқан сұрақтарды ортаға тастады. Тиісті министрліктерден жауап талап етті. Депутаттық сауалдың дені Денсаулық сақтау министрлігіне жолданған. Дания Еспаева, Алексей Цой басқарған ведомстваны мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдауға келгенде, жауапсыздық танытады деп айыптады. Оның дерегінше, қазір елде 92 мыңнан астам жарымжан бала бар. Жыл сайын оның қатарын 3 жарым бүлдіршін толықтырып тұрады. Депутат соның ешбіріне мемлекет лайықты қолдау көрсетіп жатқан жоқ деп ашынды.

Дәния ЕСПАЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Өкінішке қарай, әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері жеткіліксіз. Сондай-ақ, мүгедек балалардың тез айығып кетуі үшін бізде толық кешенді ем-дом көрсетілмейді. Үкімет пен уәкілетті органдар осындай бай мемлекетіміз бола тұра, ата-аналардың балаларын емдеуі үшін өзгеге алақан жаюына жол бермеуі керек.

Бұдан бөлек, депутаттар елдегі зейнет жасын 60 жасқа дейін төмендету туралы бастаманы көтерді. Олар елде жұмыссыз жастар мәселесі өткір тұрғанда, зейнетке шығу жасын кезең-кезеңмен көтеру ақылға сыймайды деп отыр. Мәжілісмен Александр Милютин пандемия кезінде халықтың экономикалық белсенділігі төмендеп, ел азаматтарының 47%-ы іс жүзінде жұмыссыз қалғанын еске салды.

Алекстандр МИЛЮТИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:


Өткен жылы зейнетқы жинақтары соңғы бес жылдағы ең төменгі көрсеткішті көрсетті. Сәуірге дейін қор жинағына 11 трлн 405 млрд теңге түссе, маусымға қарай ол сомма 17 млрд теңгеге дейін азайды. Халықтың зейнетақы жүйесіне белсенді қатыспауы, өте төмен деңгейдегі жинақ жағдайды одан әрі ушықтыруда.


Мәжілісмендер қазіргі зейнетақы жүйесін түбегейлі өзгерту қажет , дейді. Себебі, халықтың табысы аз болғандықтан, оларда қорға аударатын ақша жеткіліксіз. Сондай-ақ, депутаттар ең төменгі базалық зейнетақы жыл сайынғы түзетумен орташа жалақыға тең болуы тиіс дегенді ұсынды. Айтпақшы, бүгін Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, жинақтың бір бөлігін алуға ниетті азаматтардың дерегін жариялады. 8 жарым мың қазақстандықтың өтінімі мақұлданған. Зейнетақы қоры "Отбасы банк" шотына 49 млрд теңге аударыпты.  

А. Мүтәлі