Русский Сайттың толық нұсқасы

Елордада жаңа салынып жатқан үйден құрылысшының мәйіті табылды

  • AstanaTV
  • 29 қаңтар 2021
  • 4565

Елордада жаңа салынып жатқан үйден құрылысшының мәйіті табылды. Полицияның дерегінше, жұмысшы жоғарғы биіктіктен құлап түскен. Арнамызға хабарласқан марқұмның туыстары бұған құрылыс алаңында техникалық қауіпсіздіктің сақталмауы себеп деп отыр. Әріптесім Асылбек Данияр құрылыс алаңына барып, оқиғаның мән-жайын анықтауға тырысты.

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

Қайғылы жағдай түскі 11-12-лердің шамасында болған. Құрылысшы сол сәтте жоғарғы қабатта жұмыс істеп жатыпты. Кенеттен құрылыс материалы сынып, жерге құлап түскен. Өкінішке орай, марқұм тілге келместен, бірден жан тапсырыпты.  

Суыт хабарды естіген марқұмның ағасы оқиға орнына дереу жеткен. Айтуынша, құрылыс алаңында жұмыс істейтін бірде-бір адам болмапты. 3 сағаттан бері оқиға болған жерде жүрген туысы, компания өкілдері төбе көрсетпегеніне налыды. Ол жұмыс жайында техникалық қауіпсіздік сақталмағанына ашулы.

Сәби ҚУАНЫШБАЕВ, МАРҚҰМНЫҢ АҒАСЫ:

Апалка тұр ғой апалка сонымен бірге құлаған ғой. Соған ілініп тұрған дейді, өзім көрген жоқпын ғой. Ешқандай қауіпсіздік жоқ мүлдем. Бірінші қабатты жұмыс істейтиін бала ғой ол. Жаңағы корточкасы болу керек екен үтіне шығатын. Қауіпсіздік болған деп қояды, ремень болған дейді. Ол ременьді құлағаннан кейінде іле салауға болады балаға.

Опат болған азамат үйдің үлкені екен. Отбасын асырап отырған да осы бала еді деп күйінді туысы. Соңғы рет інісін осыдан бір ай бұрын көргенін жеткізді. Жалпы, марқұм құрылыс саласында 3 жылдан бері жұмыс істеген. Қазір құрылысшының денесі мәйітханаға жеткізіліпті.

Сәби ҚУАНЫШБАЕВ, МАРҚҰМНЫҢ АҒАСЫ:

Әке-шешесін асырып отырғаннан кейін, міндетті түрде моральдік шығынын талап етеміз. Енді оларды кім асырайды.


Құрылыстың мердігері "Мейірім" компаниясы. Өзін директордың орынбасарымен деп таныстырған азамат, қауіпсіздік талаптары сақталған деп ақталды. Бірақ оған ұқсамайтын сияқты. Әр қабатқа ілінетін тор жоқ, тіпті сымдары да ашық-шашық жатыр. Дегенмен жауапты мекеме өкілі, құзырлы орган өкілдері кінәлі деп тапса, оны өз мойнына алуға дайын екенін жеткізді.

Ерлан ӘЛИЕВ, МЕРДІГЕР КОМПАНИЯ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бүкіл мәселелерді заң тұрғысынан шешсін. Қарайық, қазір зерттеулер жүргізіліп жатыр. Өйткені, бұл заң бойынша тергеу комитеті қандай үкім шығарады, сол үкім бойынша жауапты тартуға дайынбыз.

Қалалық құзырлы орган өкілдері қайғылы жағдайға байланысты тергеу жұмыстарын бастап кетіпті. Қазіргі таңда куәгерлерден жауап алынуда. Қай бап бойынша іс қозғалары әлі белгісіз деді, полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі.

Эльмира ШАУЛЕНОВА, НҰР-СҰЛТАН қ. ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Сот медициналық сараптама тағайындалды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Белгілі болғандай, бұл құрылыс алаңында 60-қа тарта құрылысшы жұмыс істейді екен. Қайғылы жағдайдан кейін құрылыс уақытша тоқтатылған. Айта кетейін, мердігер компания қайтыс болған жігіттің денесін туған жеріне жеткізуге көмектеспекші. Сондай-ақ жерлеу рәсімне кететін шығындарды көтеруге уәде етті. 

А.Данияр