Русский Сайттың толық нұсқасы

Театр әртістерін үйлерінен қуып жатыр

  • AstanaTV
  • 01 ақпан 2021
  • 3269

Қызылжарда жергілікті билік өкілдері театр әртістерін үйлерінен қуып жатыр. 2010 жылы облыс әкімі актерлерге алты пәтердің кілтін табыс еткен. Енді араға бірнеше жыл салып, шенеуніктер баспананы қайтарып алуды көздеп отырған көрінеді. Әкімдікке сенген актерлар далада қала ма? Құзырлы органдар қандай амал қолданбақ? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин әңгімелейді.

13 жылдан бері сахна төрінде өнер көрсетіп жүрген Гүлнәз Гайнулина бұл пәтерге 10 жыл бұрын ие болған. Жергілікті билік жас маманға коммуналдық тұрғын үйден бір бөлмелі пәтерді жалға ұсынып, кейін жекешелендіруге мүмкіндік беретінін уәде еткен. Театр әртісі осы уақытқа дейін ай сайын жалға алу құнын өтеп келгенін айтады. Алайда атқамінерлер баспананы қайтарып беруді талап етіп отырғанын түсінбей дал. Тіпті істі сотқа дейін жеткізіпті. Енді жолдасымен бірге 2 баланы тәрбиелеп отырған актерлар далада қаламыз ба деп алаңдайды.

Гүлнәз ГАЙНУЛИНА, С.МҰҚАНОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ САЗДЫ-ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ ӘРТІСІ:


Счетқа ақша жинамадық. Біздің оған жалақымыз да жетпейді, жинайтындай. Сенімді жүрдік, біздің баспанамыз бар деп. Бірақ міне уақыт өте келе 10 жыл өткеннен кейін осы үйді атымызға өткізу мәселесін қолға алайық десек, бұл арендный жилье, ол сендердің аттарына өтпейді, тіпті қуып шығамыз деген мәселелер шығып жатыр.

2010 жылы облыс әкімі болған Серік Біләлов, Қазақ театрының 10 жылдығына арнап әртістерге 6 пәтер кілтін салтанатты түрде табыстады. Оның екеуі мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлерден берілсе, қалған төртеуі медицина қызметкерлеріне арналған баспанадан бөлінген. Соңғысы жалдық-коммуналдық болған соң, жекешелендіру бағдарламасына ілекпей қалған екен. Сондықтан өнер майталмандары әкімдіктің арбауына түсіп, сан соғып қалғандарын айтады.

Асылхан РӘЗИЕВ, С.МҰҚАНОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ САЗДЫ-ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ ӘРТІСІ:

Қарасаңыз он пәтер беріледі деп, оның алтауын беріп, алтаудың екеуі ғана приватизацияға ілегіп отыр. Яғни, Қизатовадағы екі үй приватизацияға ілігіп кетті. Соңғы екі жылда бұл дүние одан да ұлғая түседі. Уведомление келеді, сәуірдің аяғына дейін бұл үйді босатасыңдар деген. Біздің қалауымыз - кезінде өздері айтып, салтанатты түрде жасаған дүниені берсін.

80 пәтерлі «Медицина үйіне» жауап беретін денсаулық сақтау басқармасы қазақ театрының әртістерімен келісім-шарт жасаспағанын жеткізді. Аймақта дәрігерлер саны тапшы болған соң, бұл пәтерлерге өзіміз мұқтажбыз, дейді құзырлы тарап өкілдері.

Гүлнәр ҚАЛИЕВА, СҚО ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Өткен жылы бізге 72 дәрігер маман келсе, соның 30 қалада қалды. Бірақ дәрігер үйінен олардың бір 3-4 ғана баспана берілді. Себебі, баспана бос емес. Бір жыл бұрын көпбейінді аурухана инвентаризация жасаған кезде сол 4 пәтерді анықтаған. Мақсатты емес ұстанымда болған. Әртістерге айтқан: бұл уақытша тұратын пәтерлеріңіз, түбінде босатасыздар, деп. Оларды қысқы уақытта ешкім далаға қумайды.

Сөйтіп, жылыту маусымы аяқтала салысымен дәрігерлер әртістерді далаға қууға бекініп отыр. Қазір мәдениет басқармасының меншігіндегі пәтерлер де бос емес көрінеді. Сондықтан әкім қараның сөзіне сенген қазақ театрының актерлері далада қалуы бек мүмкін.

А. Құрманкин