Демократиялық
күштердің "Қазақстан-2050" жалпыұлттық коалициясы латын әліпбиіне
көшуді қолдайды. Бүгін осы орайда коалицияға кіретін партия жетекшілері мен
қоғам белсенділері өз ойларын ортаға салды. Көпшіліктің пікірі бір арнаға
тоғысады. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың "Рухани жаңғыру"
бағдарламасы аясында латын әліпбиіне
көшу бастамасы дер кезінде қабылданған шешім, - дейді.
«Нұр
Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед латын
әліпбиіне көшу арқылы үш мәселенің шешілетініне назар аударды. Біріншіден,
ағылшын алфавитінің негізіндегі жаңа қаріп жүйесі жастың да жасамыстың да
халықаралық тілді меңгеруін жеңілдетеді әрі жеделдетеді. Екіншіден, ағылшын
алфавиті мен тілін үйрену арқылы ғылым-білімнің мол қазынасын еркін игеруге жол
ашады. Үшіншіден, жер жүзіне тарыдай шашылған бар қазақтың басын қосады,
-дейді.
Мұхтар
Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы
төрағасының бірінші орынбасары:
Ұлт
тағдырына қатысты кез келген мәселені он ойланып, жүз толғанып, өзіне ғана тән
дархан даналықпен кемел шешім қабылдайтын Елбасымыз, латын алфавитіне көшуге
келгенде, тағы да кемеңгерлік танытты. Бұл тек әліпби ауыстыру емес, бар
қазақтың бойына ана сүті, әке тәрбиесімен даритын қазақ тілін заманаға сай
жаңғыртудың кешенді жүйесін, дұрыс сөйлеу мен жазу мәдениетін қалыптастыру деп
білемін. Ендеше латынға көшу Елбасымыз ұсынған «Рухани жаңғырудың» берік
іргетасы деп білемін.
Үкімет латын қарпіне көшудің нақты бағдараламасын бекітіп те қойған. Барлық қадам жіті сараланып, кезең-кезеңімен іске асады дейд,- вице премьер Ерболат Досаев.
Ерболат Досаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
Қажетті оқулықтар мен әдістемелік құралдарды, мамандарды дайындау, бала- бақшаларды, мектептер мен ЖОО, білім беру мен іс қағаздарын жаңа алфавитке көшіру кезең-кезеңімен жүзеге асады. Әр жұмыстың нақты мерзімі бар. Бұл атқарушы биліктің ғана жұмысы емес, тұтас қоғам болып атқаратын жалпы ұлттық міндет.
Латын әліпбиіне көшу - көптен күтіп жүрген игі бастама. 2007 жылы "Ақ жол" партиясы осы мәселені көтерген. Ол тұста сәл ертерек еді, ал енді кейінге шегеруге болмайды дейді, фракция жетекшісі.
Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Ақ жол" фракциясының жетекшісі:
Бұл деген жастарға білім жүйесіне, ақпарат жүйесіне бүкіл дүниеге жол ашып отыр. біздің азаматтар көршілер арқылы емес, тікелей бүкіл дүниеге шыға алады.
Коалиция мүшелері әр қазақтың отбасында ата-бабасынан мұраға қалған латын қарпімен жазылған қолжазбалар бар екенін айтады. Бұл қазаққа жат емес. Керісінше, төл әліпбиі. Оған қоса, бес құрлыққа бірдей түсінікті таңба дейді.
Әли Бектаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, "Ауыл" партиясының төрағасы:
Латын графикасы бізге ауадай қажет. Соның ішінде ауыл тұрғындарына. Бүгінгі аулы жастары да, тұрғындары да жаңалыққа құмар.
Серік Сұлтанғали, «Бірлік» саяси партиясының төрағасы:
Егемендік болған соң, көп көрші халықтар көшіп алды. Тек көрші халық емес, ағылшын тілінде сөйлейтін халық та латынша жазады.
Латынға көшудің тағы бір артықшылығын коалиция өкілдері түркі әлемін біріктіретін тетік ретінде де бағалап отыр.
Жамбыл Ахметбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Халықтық коммунистер" фракциясының мүшесі:
Орталық Азия, Каспий өңірі, Өзбекстан, Әзербайжан, Түркменстан, Түркиялармен қатарлас боламыз. Жан-жақты жақындастыра түседі.
Отырыс барысында коалиция мүшелері парламенттік
тыңдауда таныстырылған жаңа алфавиттің жобасын талқылады. Сондай-ақ, тың
реформаны қолдап, барша азаматтарды талқылау,
түсіндіру және жаңа қазақ әліпбиінің қабылдануы жолындағы жұмыстарға белсене
қатысуға шақыратын Қазақстан халқына арналған Үндеуін жариялады.