Русский Сайттың толық нұсқасы

Жастарға арналған жалдамалы пәтерлерде заңсыздық көп

  • AstanaTV
  • 02 ақпан 2021
  • 2923

Жұмысшы жастарға берілген жалдамалы пәтерлерде заңсыздық көп. Баспана иелері үйлерін өзге біреулерге жалға берген. Мұндай құйтұрқылыққа баратындар аз емес. Ал пәтерге қолы жеткендер қатарында бірнеше баспанасы барлар да кездеседі екен. Десек те, Үкімет мемлекеттік бағдарламамен салынатын үйлердің құрылсын арттыруға ниетті. Жоспар бар, қаражат дайын. Жұмысшы жастарға үлестірілген пәтерді кімдер алып жүр? Баспана бағдарламалары қаншалықты лайықты жүзеге асырылуда? Тақырыпты тілшіміз зерттеп көрді.

Теміржан Қожанов – Керекудің тумасы. 5 жыл бұрын оқуын бітіріп, арманын арқалап, бас қалаға келген. Қазір «Астана су арнасында» қызмет етеді. Жылдар бойы жалдамалы пәтер жағалаған жас отбасы жарты жыл бұрын арнайы бағдарлама арқылы баспаналы болды. Енді қаражат жинап, жағдайды тіктеуге мүмкіндік туғанын айтты.

Теміржан ҚОЖАНОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Мынау работающий молодеж деген программа шықты. Соған өтініш тапсырдық. Бір айдан кейін жауабы келді. Смс келді то что маған одобрено деп.

Теміржанның бағы жанды, баспаналы болды. Бірақ, үйсіз-күйсіз жүргендер қаншама. Ал енді мына қызыққа қараңыз, бағдарламаға іліну үшін кемінде 2 жыл қалада тіркелген болуыңыз қажет. Тек ол емес, жас азаматтың тұрақты жұмысы болып, атында жылжымайтын мүлік болмауы шарт. Демек, пәтерге қолы жеткендер үйсіз болса неліктен баспанасын жалға беріп жүр? Заңды елемейді емес шарасыздықтан жалдамалы пәтерді заңсыз паналап жүргендер де бар екен. Мәселен, өзін Тасболат деп таныстырған елордалық жігіт пәтерін мемлекеттік бағдарлама арқылы үйге қолы жеткен отбасыдан жалдап тұруға мәжбүр. Себебі, жалдау ақысы арзан,-дейді. Мұндай қадамға барған отбасылар көп көрінеді.  

Тасболат, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жас отбасымыз. Нұр-Сұлтанда тұрып жатқанымызға бірнеше жыл болды. Баспаналы болғымыз келіп, жастарға арналған бағдарламаға өтініш беріп едік, ол санат бойынша өтпей қалдық. Содан басқа да жолдарын қарастыра бастадым. Сол жалдамады пәтерден үй алған кісілер пәтерін маған жалға беретін болып келісті. Себебі олардың басқа да үйі болғандықтан осындай қадамға барған екен. Әрі пәтер құны да қатты қымбат емес.

Ал әкімдік өкілдері, шарт талаптары орындалмаса жалдамалы пәтер мемлекетке қайтарылады деп отыр. Заңбұзушылықтардың алдын алу үшін арнайы мониторингтік топ құрылыпты.

Арманай ОҢҒАРБАЕВА, НҰР-СҰЛТАН қ. ТҰРҒЫН ҮЙ ҚОРЫ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
 
Егер тұрғын үйді біреулерге жалға беретін болса, тексеріледі бөлім мамандары үйге келіп, шартты сұрап, тексеріп кімдер тұрып жатқанын күнделікті мониторинг жүргізіп отырады. Осындай жағдай шықса міндетті түрде акт жасалады.  

Иә әр қазақстандық баспаналы болса, игілік артары сөзсіз. Индустрия министрі жалға берілетін тұрғын үй құрылысына жеке инвестиция тартылатынын жеткізді. Сондай-ақ кредиттік пәтерлер көлемін ұлғайтуды да жоспарлап отырмыз,-деді.  Яғни аталған мақсатқа 7 жыл ішінде 2,9 трлн теңге қаражат жұмсалмақ. Бұл жыл сайын 35 мың пәтер салынады деген сөз.

Ғ.Өтемісов