Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстан қор биржасы теңгенің девальвацияға ұшырауына негіз жоқ деп есептейді

  • AstanaTV
  • 13 қыркүйек 2017
  • 2483

"ЭКСПО аяқталған соң теңге құнсызданады" деген алып-қашпа әңгімеге қаржы мамандары жауап берді. Қор биржасының сарапшылары ұлттық валютаның девальвацияға ұшырауына негіз жоқ деп есептейді. Бұл туралы Алматыда өткен есеп беру жиынында айтылды.

Андрей Цалюк, «Қазақстан қор биржасы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

Біз бұл мәселені бақылауды ұстап отырмыз. Меніңше, бұл тек психологиялық тұрғыдан әсер ету ғана. Шын мәнінде, теңгенің құнсыздануына негіз жоқ. Мұнай бағасының баррелі 54 АҚШ долларына дейін көтерілді, ал Ресей рублі 57,3-ке дейін нығайды. Сол себепті алаңдауға ешбір себеп жоқ. 

Соңғы айда шетел валютасының сатылымы артқан. Өткен аймен салыстырғанда доллар 26, евро сатылымы 74 пайызға көтерілген. Қазақстан қор биржасының мамандары валюта нарығындағы ойындарды ұмытып, отандық компаниялардың акцияларын сатып алуды ұсынады. Соңғы айларда КАSE көрсеткіштерінде жергілікті алпауыттардың акциялар құны біршама нығайғаны байқалады. Мысалы,  «KAZ Minerals» компаниялар тобының акциялары тамызда 21 пайызға өссе, бағасы соңғы 8 айда 143,5 пайызға дейін артқан. «Қазақтелеком»  мен «Ксеll»  компаниясынан да дивиденттер алуға мүмкіндік туған. 


Мамандар ЭКСПО көрмесі орнында ашылатын «Астана» халықаралық қаржы орталығына үміт артып отыр. Биржалық сауда-саттықтың жандануына мүмкіндіктер жоғары, дейді Андрей Цалюк.