Қостанай облысына Тәуелсіздік алған жылдардан бері 35 мыңға жуық қандас көшіп келген. Оның 16 мыңы Рудный шаһарына шоғырланып, қаракөздердің қатары көбейіпті. Қазір Тобыл өңіріндегі қазақ ұлтының үлесі 40 пайызға жуықтайды. Бұл жайында "Отандастар" қорының облыстағы өкілдері айтты. 30 жылда аймақтың экономикалық-әлеуметтік ахуалы да өрлеген. Қамбасы астыққа толы қазыналы өлкенің қазіргі тыныс-тіршілігін Заңғар Санай сабақтайды.
Тобыл-Торғай даласында бүгінде 900 мыңға жуық тұрғын, жүзден астам ұлт пен ұлыс мекен етеді. Облыстың мәдениеті көш ілгеріледі. Алаш көсемдерінің көне мекеніндегі, көптеген киелі нысандар жаңғырып, жаңа ғимараттар салынды. Еңселі ексерткіштер бой көтеріп, ел игілігіне рухани ошақтар берілді.
Ерлан ҚАЛМАҚОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ МӘДЕНИЕТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
«Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» бағдарламалары ерекше серпін берді. Қостанай облысында осы бағдарламалардың іске асырылуының айқын нәтижелері бар. Тәуелсіздік жылдарының тағы бір жемісі ол Кейкі батырдың бас сүйегі елге оралғанда біздің өлкеде жаңадан кесене тұрғызылды. Ыбырай Алтынсариннің кесенесі жаңғыртылып, рухани жаңғыру бағдарламасы аясында киелі нысандар тізіміне енгізілді.
Тәуелсіздік - жер жаһанға тарыдай шашылған талай қазақты атажұртымен қауыштырды. Облысқа осы жылдары 35 мыңға таяу қандас көшіп келген. Оның 16 мыңы Рудный шаһарына шоғырланып, қаракөздер қатарын көбейтті.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «ОТАНДАСТАР» ҚОРЫ ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ ФРОНТ- КЕҢСЕСІНІҢ БАСШЫСЫ:
Осыдан 30 жыл бұрын Рудныйда қазақ мектебі болған жоқ. Енді бүгін 3 қазақ мектебі бар. Арқалық қаласындағы бүкіл айти қызметті - Қытайдан келген қандасымыз ұстап отыр. Нұрлан Еркін деген. Ал Рудныйда Хиташи дейтін ең алып техникалар бар. Солардың сервисін дамытуға сол Өзбекстаннан келген біздің қандас жігіттеріміз ұстап отыр.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының алғашқы құрылтайында сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев: «…Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан. Біз туған мемлекетіміздің тәуелсіздігін баянды етуге, қуатын арттыруға, оның игілігіне, халықаралық қоғамдастықта абыройының өсуіне адал қызмет етуге парыздармыз», деді. Ел жүрегін елжіреткен Елбасының отты сөзі тарихи Отанына оралған талай қазаққа бағыт-бағдар болды.
Қыдырбек ХИЫСХАН, ТАРИХШЫ, ЖУРНАЛИСТ:
Әлеуметтік сала, ұстаздық ету. Ғылымға бару. Журналистика саласы. Мәдениет, өнер саласы. Міне осындай салаларда негізгі басым бөлігі еңбек етіп жүр. Оның сыртында мемлекеттен жәрдем алып бизнесін бастап жатқан да азаматтар бар.
Өткен жылы өңірдегі өнеркәсіптік кәсіпорындар 1494,7 млрд. теңгенің өнімін өндіріп, көрсеткішті 7,4 пайызға көтерген. Көлік жасау бойынша аймақта «Сарыарқаавтопром» кәсіпорны көш бастап тұр.
Саят ЖҮСІПОВ, «САРЫАРҚААВТОПРОМ» ЖШС ӨКІЛІ:
Өткен жылдың қиындықтарына қарамастан мемлекеттік қолдау шараларының арқасында өндіріс барысын тоқтатпай, жұмыс орындарын сақтап қалуға мүмкіндік туды. 2020 жылы 40 мыңнан астам көлік бірлігін шығарып, елдің барлық техникасының 51,7 пайызын өндірдік. Сонымен қатар еліміздің өңірлері біз өндірген 12 метрлік автобус базасындағы 100 медициналық кешен алды.
Соңғы жылдары облыс көлемінде 1 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынып, мыңдаған тұрғын баспаналы болды. Диқандар аумағы 5 миллион гектардан астам алқапқа бидай егеді. Өрістегі ірі қара мен ұсақ мал басы миллионнан асып жығылады. Өнімді өңдеу де жолға қойылған. Мәселен Торғай аумағында жылына 3 мың тонна ет өңдеуге қауқарлы ет комбинаты ашылды.
З. Санай