Русский Сайттың толық нұсқасы

Ұтыс ойынын өткізгендер екі бірдей баппен жауапкершілікке тартылды, - ПД

  • AstanaTV
  • 08 ақпан 2021
  • 1633

Ұтысқа әркімнің-ақ бар таласы. Күні кеше 3 мыңнан аса елордалықты жинаған байқау аяқсыз қалды. Бұған себепте жоқ емес. Кәсіпкерлер гүл дүкенінің ашылуын дүркіретіп өткізіп, карантинді де ұмыт қалдырған. Ұйымдастырушылар адамдарды қалай қызықтырды? Заңды белден басқандарға қандай жаза қолданылмақ? Әріптесім Асылбек Данияр тақырыпты жалғастырады.

Оңай олжаға кенелемін дегендер аурудан аяқ тарпайтындай көрінді. Ұйымдастырушылар келушілердің көңілін көтеру үшін концерттік бағдарлама да дайындап қойған. Ұтысты күткендердің санында шек болмады, тіпті сауда орнының алдында ине шаншар орын табу мүмкін емес. Әрине, қымбат ұялы телефон, құлаққап, сағат пен көлікке барлығының дәмесі бар.

Бірақ, келушілер мен ұйымдастырушылардың қуанышы ұзаққа созылмады. Есіл аудандық әкімдігі мен полиция мамандары тойдың ортасынан түсіп, су жаңа дүкеннің есігіне құлып қойды.

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

Кеше ғана құмырсқадай құжынаған халықтың бүгін көлеңкесі де көрінбейді. Келіп жатқандарды көзіміз шалмады. Бірақ дүрбелеңге қарамастан дүкен ашылған, жұмыс істеп тұр.  Індеттің барын ұмытып, ашылуын салтанаты түрде атап өтпек кәсіпкерді де, оның ұйымдастырғандарды да полицейлер дереу анықтапты.

Ал, "шоу иелері" болған кәсіпкерлер мен блогер Ерболат Жанәбілов сол сәтте полиция бөліміне жеткізілген. Құзырлы органдағылардың сөзінше, кінәлілерге әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 2 бірдей бабымен жауапкершілікке тартылған. Адамдарды тартуға болса 10-нан астам полиция қызметкері жұмылдырылыпты.
 
Азамат САДЫҚОВ, НҰР-СҰЛТАН қ. ПД ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Абаттандыру мәселесін бұзғаны бойынша 36 АЕК жауапкершілікке тартылған. Ал, карантин шараларының қағидаларын бұзғаны үшін 230 АЕК айыппұл салынды.


Министрлік өкілдері де шектеу шараларына құлақ аспағандарға тиісті шара қабылданғанын жеткізді.

Ержан БАЙТАНАЕВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:


Ешқандай мекемеден рұқсат алмаған. Ол рұқсат берілмейді де. Өздеріңіз білесіздер, қазір уақытта карантиндік шаралар жүріп жатқандықтан іс-шаралар өткізуге тыйым салынған.


Айыппұл арқалап, басы дауға қалған ұйымдастырушылар халықтын кешірім сұрап, ұтыс ойынының онлайн өтетінін хабарлады.  

А. Данияр