Русский Сайттың толық нұсқасы

Баспана бағасы қазір тұрақтамайды, - Экономист

  • AstanaTV
  • 09 ақпан 2021
  • 2087

Қазақстанда пәтер бағасы тағы да қымбаттады. Ұлттық статистика бюросының таратқан ақпаратына сай, жаңа салынған баспанаға қарағанда, ертерек берілгендерінің құны 17 пайызға өскен. Бұл - жыл ішіндегі өзгеріс. Қаңтар айының өзінде де пәтердің шаршы метрінің өсімі байқалады. Аймақтардағы әріптестерім баспана бағасын бағамдап көрді. Қымбаттауға не себеп болғанын анықтауға тырысты.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Қызылжарда пәтер бағасы бір жылдың ішінде 50 пайызға қымбаттаған. Мұны жағдайға қанық риэлторлар айтып отыр. Мұнда да ескі үйлерге сұраныс басым.

Екі мыңыншы жылға дейін салынған үйлердің бір шаршы метрі былтыр 200-250 мың теңгеден сатылған. Ал быилы шамамен үстінен 100 мың теңге қосылған. Жылжымалы мүлік саласының мамандары бұған не түрткі болғанын түсіне алар емес. Айтуларынша, баспана нарығын қадағалайтын орган болмаған соң, пәтер иелері өз қалауына ерік берген.

Әсел БАТТАЛОВА, ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІК АГЕНТТІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

1970-жылдары салынған тұрғын үйлерде үш бөлмелі пәтер былтыр 13 миллион теңге тұрса, қазір 20 миллионнан сатылып жатыр. Петропавлда 2019 жылы пәтер қымбаттай бастады. Ол кезде жаңадан іске қосылған мемлекеттік бағдарламалар себепші болды. Ал қазір анық бір себеп жоқ. Жұрт бір-біріне қарап, тұрғын үйдің құнын өсіріп отыр.

Пәтер иелері ғана емес, құрылыс компаниялары да бағаны аспандатып жіберген. Былтыр жаңадан бой көтерген коммерциялық тұрғын үйлердің бір шаршы метрі 200-220 мың теңгенің аралығында саудаланған. Ал соңғы бір айдың ішінде 300 мыңға дейін шарықтап кеткен. Бизнес саласы құрылыс материалдарының қымбаттауын себеп қылып отыр.

Динара, ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Металл екі есе қымбаттады. Құрылыс материалдарын шығаратын зауыттар бағаны арттырғанын хабарлады. Бұдан бөлек, жұмысшылардың жалақысын өсіру керек. Инфляция бар. Соның барлығын қосқанда тұрғын үйдің өзіндік құнының өзі 230 мың теңгеге шығып отыр. Бұл ерекше үйлер емес, қарапайым материалдардан бой көтеріп жатқан баспана.

Жалпы, Қызылжарда биыл 32 тұрғын үй қолданысқа берілмек. Оның басым бөлігі мемлекеттік бағдарлама аясында тұрғызылып жатыр. Тұрғын үйдің 300 мың шаршы метрін салуды көздеген билік өкілдері бұрын-соңды болмаған көрсеткіштерге қол жеткізген.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Сарапшылардың пікірінше, қазір Петропавлда үйдің шаршы метрі 308 мың теңге шамасында. Пәтер бағасы бойынша Петропавл Қазақстанда ірі мегаполистерден кейін төртінші орында тұр. Қызылжар бұл «бәйгеде» тіпті жалақысы көп, Ақтөбе мен Атырау сынды мұнайлы алпауыттарды артта қалдырған. Дегенмен Батыстағы баспананың бағасы қандай?  Оралдағы әріптесіме кезек беремін.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Иә, Абзал, Оралда да баспана бағасы қымбаттаған. Біздегі риэлторлар мұны бірнеше себеппен байланыстырады. Біріншіден, өңірде тұрғын үй салу баяу. Мысалы, көршілес Ақтөбеде жылына 200-300 үй салынса, ал Орал 20-30 үйден аспайды екен.

Мамандар өңірде құрылыс компанияларының аз екенін желеу етті. Сондықтан, өзара бәсекелестік жоқ деп отыр. Осылайша тұрғын үйдің біздегі әр шаршы метрі 400 мың теңгеге дейін барады. Бұл аздай, зейнетақы жинағы туралы жылы хабар да пәтерін сатушылардың құлағына майдай жаққан, дейді риэлторлар.

Радмира КУШАЛИЕВА, РИЭЛТОР:

Қазір зейнетақы қорынан ақша беріліп жатыр мүлік алуға, адамдар үйлер алып жатыр. Сондықтан үй сатушылар соны пайдаланып, бағаны көтеріп жатыр. Мысалы, екі бөлмелі пәтер Юбилейный ауданында 9-10 миллион теңге болса, қазір зейнетақы қорынан ақша бөлінген жағдайда 13 миллионға дейін қымбаттап жатыр.

Жылжымайтын мүлік саласына пандемия да әсер еткен. Бірнеше ай бойы пәтерінен шыға алмай, ішқұса болған халықтың көпқабатты үйлерден ығыры шыққан. Тар жерге қамалып, қиналғандар қазір жеке ауласы бар жер үйге қоныстанып жатыр. Осылайша Оралдағы тұрғын үй мен жер телімінің бағасы Алматы секілді алып мегаполиске де жақындап қалған.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Сала мамандары бұл құбылыс уақытша деп отыр. Олардың айтуынша, әрі кетсе, 5-6 айда бәрі қалпына түсуі тиіс. Сондықтан әліптің артын бағу керек деп кеңес береді. Ел астанасында әрістесім, сарапшылар пікірін тындап көрді. Асылбек үй алудың қандай жолдары бар?

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:  

Бәрінің бірдей қолы жете бермейтін баспананың ауылы, тағы да алыстаған сыңайлы. Бұған қаржы сарпшылар түрлі фактордың себеп болуы мүмкін екендігін айтады. Соның бірі – елде тұрғын үйлер санының аздығы.

Жыл басынан бастап біржолғы зейнетақы төлемін пайдалану жүйесі іске қосылды. Бұл баспанаға деген сұранысты арттырды. Экономист Сапарбек Жұбаев сұраныс бар жерде баға өсетіні заңдылық деп отыр. Ал, үйдің бағасын тұрақтандыру немесе оны шешу жолдары жақын арада түзелмейді екен. Сондықтан, үйлі болғысы келетіндер үшін мындай бағыттарды ұсынды.  

Сапарбай ЖҰБАЕВ, ЭКОНОМИСТ:

Дәулетті адамдардан бастайын, олар өздері үлескер ретінде өздерінің бос ақшасы болатын болса үлескер бір компанияға кіріп сен үлеске саласың ол банкте тұрады. Ал, орта қолды сен сияқты біз сияқты адамдарға қазіргі «7-20-25», «5-10-20» сиқяты. Я болмаса «Өркен» ипотекалық несие деген бағдарламалар бар.


Үй бағасын күнделікті жариялап жүрген Кrisha.kz басылымының пікірінше, тұрғын үйдің қымбаттауы зейнетақыны алумен байланысты емес. Бағаның өзгеруіне - инфляция, доллар бағамы, өткен жылдардағы  дағдарыстан кейін қалыпқа келу әсер еткен. Пәтер саудасымен айналысатын риелторлық компаниялар баспана құнының өсуін уақытша деп бағамдады.

Ғалым ЫСҚАҚОВ, РИЭЛТОРЛЫҚ АГЕНТТІКТІҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:


Тұрғын үй бағасының өсу өткен жылдың желтоқсан айының соңында басталды, яғни өткен жылдың жазында болған жағдай қайталанып отыр. Артынша қайтадан, баға төмендеп тұрақталды. Бірақ бұның бәрі өткінші, 1-2 айдың ішінде баға өз орнына түседі. Үй сатып алуға асығудың әзірге қажеті шамалы.


Мамандардың сөзінше, елордада екі бөлмелі пәтердің бір шаршы метрінің бағасы орташа есеппен 360 мың теңгені құрайды. Өткен жылы бұл сан 340 мың теңгенің шамасында болыпты.

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

Жылжымайтын мүлік веб-сайтының сарапшылары олардың былтыр 20 пайызға өскенін анықтапты. Ең арзан үйлер Қызылорда және Жамбыл облысында екен. Тиісінше, тұрғын үйдің  қымбаты - Петропавл мен Павлодар қалаларында.

А. Данияр, Е. Карин, А. Құрманкин