Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркістандағы жалғыз мәдениет үйінің ұжымы ескі клубта тоңып отыр

  • AstanaTV
  • 09 ақпан 2021
  • 2379

Үйі жоқтың -күйі жоқ. Түркістанда қалалық мәдениет үйінің қызметкерлері жаңа орынға көшкелі жағдайларының болмай жатқанына шағым айтты. Басыбайлы ғимараттары яғни, рухани астана төріндегі жалғыз мәдениет үйінің ғимараты екі жыл бұрын жеке-меншікке сатылып кетіпті. Ал өнер ұжымы былтырғы мамыр айынан бері орталықтан бес шықырым қашықтықтағы Бірлік ауылының ескі клубын паналауға мәжбүр. Өнер адамдарының бүгінгі тынысын әріптесім Айзада Төребекқызы баяндайды.

От жағып, күл шығарып жатқан біреудің үйі емес, Түркістанның білдей мәдениет үйі. Ескі клубта жылу жүйесі жоқ. Ал қырықтан аса қызметкер артық бөлме болмағандықтан аядай екі бөлмеге сиысуға мәжбүр екен. Тіпті дәлізде отырғандары бар. Мұнда басы артық орынның жоқтығынан өнер адамдарының керек-жарағы мен декорациялық заттар әркімнің үйінде тұр, деді.

Мұрат ЖҰМАНОВ, ТҮРКІСТАН қ. МӘДЕНИЕТ ҮЙІНІҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:

Сыймаған заттардың барлығы әр жерде тұр, жаңағы студия жетекшісінің үйінде тұр. Біреуі тағы бір қызметкердің үйінде тұр. Қалған біраз заттар осындағы Ерубаев интернатында қазір, сол жерге апарып қойды. Олардың енді келешек іс шараларға жарайтынын жарамайтындығын білмеймін, айта алмаймыз енді.


Өнер ұжымы ауылдық клубқа былтыр мамыр айында көшіп келген. Сахналық киімдер бір бөлмеде шаң басып жатыр. Ғимарттың дайындық шараларын өткізу де машақатқа айналғанын жасырмайды. Жергілікті атқамінерлер орталық алаңдағы бұрынғы мәдениет үйінің былтыр сатылып кеткенін мәлімдеді. 228 млн теңгеге саудаланған. Айтуларынша, ол нысан өнер ұжымына жарамайды.  

Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН, ТҮРКІСТАН қ. ӘКІМДІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
 
Ол жерде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізудің орнына жаңасын салу туралы шешім қабылданды. Осы мақсатта жекешелендіру жұмыстары да жүргізілді. Оның барлығы жекешелендіру процесі заң аясында жүргізілді. Яғни ол жердегі барлық қаржыда, барлығы заң аясында. Ол жерден яғни түскен қаржының барлығын жаңа ғимаратты салуға жұмсалатын болады.


Баспасөз хатшысы жаңа мәдениет үйі қаланың солтүстік бөлігінен бой көтеретінін жеткізді. Құрылыс биыл басталады дегенмен жобалау сметалық құжаты енді ғана әзірленуде.  

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Айта кетейін, Түркістандағы Мәдениет үйінің сатылуына қатысты қазір қылмыстық кодекстің 371-ші бабы яғни «Салғырттық» бойынша тергеу жүріп жатқаны белгілі болды. Ресми органның дерегінше ғимаратты жекешелендірмес бұрын алдымен 22 млн теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Нысанды саудаға шығару кезінде бұл жәйт ескерілмепті.

А. Төребекқызы