Русский Сайттың толық нұсқасы

Солтүстік Қазақстан облысында бүтін бір отбасы өрттің құрбаны болды

  • AstanaTV
  • 11 ақпан 2021
  • 3963

Солтүстік Қазақстан облысында бүтін бір отбасы өрттің құрбаны болды. Төтенше жағдай Мағжан Жұмабаев ауданының орталығы Булаев қаласында тіркелген. Жер үйді шарпыған тілсіз жаудың кесірінен ерлі-зайыптылар, студент қыз бен төрт жастағы балғын бақилық болды. Олардың 6 жастағы қызы жетім қалды. Өрт не себептен шықты? Балақай қалай аман қалды? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин оқиға орнына барып, жағдайдың анық-қанығын білуге тырысты.  

Степная көшесінің бойында орналасқан жер үйде өрт таңғы жетілер шамасында шыққан. Алдымен кіберберіс өртеніп, кейін жалын үйдің шатырына көшкен. Баспананың отқа оранғанын осы маңайдағылар байқап, дереу төтенше жағдай мамандарын шақыртқан. Құтқарушылар келген сәтте тілсіз жау үйді түгел жаулап алған екен. Баспананы тінту барысында бірден үш мәйітті тауып алған. Ал төрт жасар баланың денесін өрт сөндірушілер бірнеше сағат іздепті.

Орал ӘБДІРАХМАНОВ, СҚО ТЖД БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Өрттің ауданы 90 шаршы метрді құрайды. Өкінішке орай, өрттің салдарынан 4 адамның мәйіті табылды. Қазіргі таңда өрттің себебін арнайы мамандар тергеу жұмыстарын жүргізуде. Жаңағы отбасының ішінде екі бала табылды. 2017 жылғы бала және 2001 жылы туылған қыз бала.
 

19 жастағы бойжеткен отанасың сіңлісі екені белгілі болды. Қашықтықтан оқып жүрген медициналық колледждің екі курс студенті ғаламторға кіру үшін уақытша осы үйді паналапты. Сондай-ақ, ерлі-зайыптылардың бақилық болған балдырғанынан бөлек, бірінші сыныпта оқитын қыздары бар. Ол қыз кеше әжесінің жанын қонуға кеткен.   

Отанасы Юлий Кийко жергілікті базарда саудамен айналысса, отағасы су құбырын тарту кәсіпорнында қызмет еткен. Көршілері жас отбасының тәртіпті, ішімдіктен аулақ болғандарын айтады.

Виктор РАЗВОДНОЙ,  КӨРШІСІ:


Олар бұл үйге шамамен 10 жыл бұрын көшіп келді. Біз олармен қоян-қолтық араластық. Көмек сұрап жүгінсең, ешқашан бетімізді қайтарған емес. Соңғы рет оларды кеше күндіз көргенмін. Олар пешті ағаштан жасалған көмірмен жағатын. Ол жанған кезде, ұшқыны жан-жаққа атқылайды. Бірақ олардың пештері металдан жасалған. Өрттің қалай шыққанын білмеймін.

Оқиға орнын бастан-аяқ зерттеп жатқан арнайы комиссия тқтенше жағдайдың нақты себебін бірер күннен кейін хабарламақ. Бірақ көп жағдайда жалын тілі пештен тарайды деп отыр. Айта кету керек, жыл басынан бастап аймақта 91 өрт тіркеліп, 15 адам оттың құрбаны болған. Қайғылы жағдай саны былтырдан қарағанда екі есе көбейіпті.

Ө. Қуанар