Русский Сайттың толық нұсқасы

Айсары ауылы тұрғындары қар суын ерітіп пайдалануға мәжбүр

  • AstanaTV
  • 11 ақпан 2021
  • 4093

Қостанай облысындағы Айсары ауылының тұрғындары ауыз суға жарымай отыр. Елді  - мекенге аптасына бір рет аудан орталығынан  су әкелінеді. Бірақ тіршілік көзі көпшіліке жетпей қалатын көрінеді. Тіпті тарыққан тұрғындар кейде қар ерітіп қамданады. Ал аудан шенеуніктері ауыз су мәселесінің нақты қашан шешілетінін дөп басып айта алмай отыр. Тұрғындар шағымын тілшіміз Заңғар Санай тағы тыңдап қайтты.

Тағы деуіміз осыдан тура он жыл бұрын дәл осы ауылдың ауыз  су проблемасын арнамызда көтерген ек. Ел-жұрттың сол тұстағы түйткілі әлі шешілмеген. Тіпті ауылға ауыз су қашан келетіні белгісіз.Тұрғындар қара суды сатып ішіп, жетпей қалса қар ерітіп әбден қажығандарын айтады.

Қалуәдден КӘКІМҰЛЫ, АЙСАРЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Кір жууға су жоқ. Қар ерітеміз қаланың қасында тұрып. Жылда болады деп халықты алдайды. Мен қашанғы алдайтынын білмеймін өзі.Фляг тасумен қажыдық.

Айсарыға аптасына бір рет аудан орталығынан су таситын көлік қатынайды. Қырық литр қара судың құны -125 теңге. Оның өзі сап-сары сапасыз, дейді ауыл халқы.

Әмір ҚАЙЫРОВ, АЙСАРЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Бір-екі фляг су аламыз. Су алсақ түбінде тіпті сап-сары болып  шығады.Ішуге жарамайды. Амал жоқ ішіп жатырмыз.

Көрші ауылдағы көпшіліктің де бас ауры осы. Тіршілік нәрі тапшы болған соң тұрғындардың көбісі басқа жаққа ауып жатқан көрінеді.

Елена МАЛЫХИНА, ПОЛОВНИКОВ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Тым құрығанда  шаштараздың өзі жұмыс істей алмай отыр ғой. Өйткені шашыңды шаятын су жоқ. Су болмаған соң ісің бітпейді.Қашанғы күтеміз енді. Әкімдердің құр уәдесінен әбден шаршадық.

Аудан мен ауыл атқамінерінің  айтуынша жобалық –сметалық құжат 2019 жылы әзірленген. Айсары мен Половников ауылына ауыз су тарту үшін 1 миллиард теңге қажет. Былтыр қомақты қаражатты бөлуге өтінім жіберілген. Бірақ республикалық бюджеттен қолдау таппаған.

Бауыржан НҰРҒАЗИН, АЙСАРЫ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:


Қаладан 30 шақырым жерде ауыз су болған жақсы ғой.Өзім де мінекей 6 жыл болды су болса екен деп аңсаймыз. Енді республикадан ақша сұрап отырмыз. Егер қалай шешіледі, солай енді істелінеді ғой. Бірақ жоба бойынша негізі 22 жылға қаралып отыр.

Қостанай ауданындағы 52 ауылдың небәрі сегізінде ғана орталықтандырылыған ауыз сумен қамтылған. Биыл тоғыз елді-мекенге су өткізу үшін 3 миллиард теңге бөлінген көрінеді. Тағы он жетісіне уақытша су тарату бекеті салыну жоспарда бар. Бірақ Айсары мен Половников ауылдарына нақты қашан ауыз су жететінін аудан басшылығы дөп басып айта алмайды.

З. Санай