Алматы облысында перзентхана қызметкерлері мінген көлік, жол апатына ұшырады. Жарақаттанғандар дәрігерлердің көмегіне жүгінді. Шағын автобустағы жолаушылар Есік қаласынан Бәйдібек би ауылына, таңмен таласа жұмысқа кетіп бара жатқан. Өйткені олардың жұмыс орны, осы айдан бері сол ауылға көшіріліпті. Перзентхана 25 шақырым қашықтыққа неге көшірілді? Жол апатының салдары қандай? Тілшіміз анықтап келді.
Елді дүрліктірген жол апаты кеше таңғы сағат 7-лер шамасында болған. Талғар-Есік-Бәйдібек би тас жолының бойымен келе жатқан «Мерседес спринтер» автокөлігі жолдың шетіне аударылып қалды. Облыстық Полиция Департаменті көлік, жүргізушінің тізгінге ие бола алмағандығынан жантайған деп отыр.
Ақбота ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ, АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Анық болғандай, Мерседес Спринтер маркалы автокөліктің 41жастағы жүргізушісі шығыс бағытқа келе жатып Сатай аулыны іргелес жерде рөлге ие бола алмай аударылып қалды. Қазір жол апаты бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 345-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Сондай-ақ полиция апат кезінде аумақта қалың тұман болғанын растады. Ал аударылған шағын автобуста облыстық перзентхананың жиырма бір қызметкері болған. Олардың 3-еуі қазір ауруханада жатыр. Жағдайлары орташа ауырлықта.
Аян ШІЛДЕБАЕВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНАРАЛЫҚ КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНАСЫНЫҢ ТРАВМАТОЛОГ-ДӘРІГЕРІ:
Жол-көлік оқиғасынан ауруханаға 21 науқас жіберілді. Олардың 18-ін амбулаториялық емдеуге үйлеріне жібердік. Ал 3 науқас қазір аурухханада ем қабылдап жатыр. Хәлдері орташа ауырлықта. Біреуінің омыртқасына ота жасалынбақ.
Тағы біреуінің иығы, ал үшіншісінің төс сүйектері сынған деген диагноз қойылған. Ақ халаттылар оларды жіті бақылауына алдық деп отыр. Айта кетсек, жол апатына түскен 21 адамда осы аурухананың перзентхана қызметкерлері болған. Басшылары перзентханамыз ақпан айынан бастап Бәйдібек би ауылындағы ауруханаға уақытша көшерілді деп отыр. Шағын автобусты қызметкерлердің өздері өз қалтасына жалдаған дейді.
Эмилия АБАШИДЗЕ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНАРАЛЫҚ КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНАСЫНЫҢ ПЕРЗЕНТХАНА БАСШЫСЫ:
Біздің Еңбекшіқазақ ауданааралық ауруханасындағы перзентханамызды қазір уақытша жапты. Онда тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір Бәйдібек би аулындағы ауруханадамыз. Қызметкерлеріміз жол алыс болғандықтан өздері апат болған шағын көлікті жалдаған.
Полиция Департаменті жалпы демалыс күндері облыс бойынша адам өлімі тіркелген бес жол-көлік оқиғасы болғанын хабарлады. Тоғыз адам қаза тауып, сегізі түрлі дене жарақаттарын алған.
Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:
Ал перзентқа қызметкерлерінің апатына қатысты қазір тиісті сараптамалар тағайындалған. Полиция егер 41 жастағы жүргізуші кінәлі деп танылса оған екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін екенін айтты.
Ә.Лесбек