Тараздағы Қайнар тұрғын алқабы тұрғындары батпаққа батып жатыр. Ол ол ма, нәжіс араласқан су ішіп отырғанмыз дейді. Бұқара қосылғанына 10 жыл өтсе де, бірде-бір коммуналдық желі тартылмағаны ашулы. Қараусыз қалдық деген жұрттың, қала әкімдігіне өкпесі қара қазандай. Базыналы бұқараның бармаған жері қалмапты. Алайда олардың уәжін тындайтын шенеунік табылмаған. Балақтан балшық кешіп, әбігерге түстік деген қайнарлықтардың жанайқайын тілшіміз жеткізеді.
Қайнар тұрғын алқабында шамамен 300 үй бар. Бұқара қалаға қосылғалы 10 жылдан асса да балшықтан көз ашпай келеміз дейді. Ашулы халық тіпті әжетханадағы нәжіс араласқан суды ішіп отырғандарына күйінді. Мектеп, спорт алаңқайлары атымен жоқ.
Нұрсұлу БӨРІБАСОВА, ТАРАЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Планында ең алғашқы бізге көрсеткен кезде мектеп бар еді мектеп бар деп көрсеткен анау жерде. Мектептің жанында спорт школа деп қойған. Оның бірінде көріп жатқан жоқпыз. Елге қызмет ететін ешқандай не жоқ. мына жерде бір поликлиникамыз ашылды оған мынау балшықпен әрең жетеміз.
Бейбіт БАЙБОЛОВ, ТАРАЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Адам баласына күн көретін жағдайда емес. Суымыз дренаж астандағы 35 ары кеткенде 70 см жерден су шығып жатыр. Ол жерде отстойымызда бар, ішетін суымызда сол жерден біздің тұтынып жатқан.
Шыдамы таусылған халықтың жанайқайын жеткізуге барған тілшілердің келгенін естіген бойда, жергілікті атқамінерлер төбе көрсетті. Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының, жол мен су сұраған жұртқа берген жауабы қысқа болды.
Зият ТҰРСЫНҰЛЫ, ТАРАЗ ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
- Тұрғындар:
Қанша уақыт кетуі мүмкін сіздердің есептерінің бойынша?
- Басшысы:
Сізге айтып отырмын, сіз мына жерде жер учаскесін алған кезде, сіз білдіңіз ғой инфраструктура жоқ екенін.
Бұл жауапқа тұрғындар тіпті шулай түсті. Кейін қала әкімінің осы салаға жауапты орынбасары келіп, жиналғандарды сабырға шақырды. Ол су құбырлары тартылмай жол салып бере алмаймыз деді. Өкініштісі әкімнің орынбасары Қайнар тұрғын алқабының қалаға қай жылы кіргенін, тіпті қанша тұрғыны бар екенін білмейтін болып шықты.
Асхат ЕСЕНАЛИЕВ, ТАРАЗ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Мектеп бойынша айтатын болсақ, жобалық сметалық құжаты толығымен дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткен. 1 млрд 400 млн құрайды, 600 орындық мектеп. Жолға байланысты бұл жерде бірінші кезекте су жүргізілуі керек. Су жүргізгенен кейін жол мәселесі қарастырылады.
- Қайнар қалаға қашан кірді, қанша тұрғын үй, қанша жер бөлінген негізі?
- Оны айталмаймыз, полный ақпарат жоқ.
Қайнарлықтар қанша айқайласада мәселелерінің жақын жылдары шешілмейтін түрі бар. Себебі, бұл тұрғын алқабы әкімдіктің назарынан тыс қалған сияқты. Ал, наразы топ жергілікті биліктің құрғақ уәделеріне тойған. Сондықтан жиналып, құзырлыларға арызданбақшы. Өйткені, батпаққа батқан жұртқа жедел-жәрдем де келмейтін болған.
Б.Жұмабай