Қызылорда қаласында түн жарымында тұтанған от, алты айлық нәрестенің өмірін жалмады. Көп балалы отбасы жалдап келген шағын баспана өртеніп кетті. Анасы 4 қызын терезеден шығарып үлгенгенмен, бесіктегі бесіншісін шығара алмапты. Оқиғаның жай -жапсары тілшіміздің репортажында.
Өрт түнгі сағат бірлер шамасында болған. Үйде 27 жастағы анасы, бес қызымен ұйықтап жатқан. Ал, отағасы жұмысы барасымен іссапарға кеткен. Жанұшыра айқайлаған дауысқа бірінші болып көршілер көмекке келген. Іштегі ана төрт баласын терезенден шығарып үлгергенмен, бесіктегі бөбегіне көмек бере алмапты.
Гүлзат МЕРЕЙОВА, КӨРШІСІ:
Барсақ өрт лаулап кетіпті, еге бермей. Бес қызы, күйеуі бар келіншек еді. Жағдайлары өздерінің тапқанын өздері квартираға төлеп отырған балалар ғой. Баланы төртеуін алып шығып үлгерген. Біреуін шығара алмады. Іште қалған бала алты айлық бала, бесіктегі жатқан бала. Сол бесікті алуға шамасы келмей қалған.
Қазір анасы мен кішкентай қыздар дәрігерлердің бақылауында. Ақ халаттылар қауіп жоқ деді. Дегенмен улану дерегі бар. Ал отанасының сол жақ білегі мен екі алақаны күйіп қалған.
Бибізада ДҮЙСЕНБАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
Анасының таңертеңгі жағдайында психикалық өзгерістер болған болатын. Қазіргі таңда қанағаттанарлық болып есептеледі. Төрт бала 7, 8, 5 және 2 жастағы балалардың ішіндегі бес жасар баланың оң жақ тобығында екінші дәрежелі күйік анықталды. Бірақ мәлімет бойынша, қазіргі жағдайда жағдайда қанағаттанарлық.
Бұл отбасы шағын баспананы жалдап келген. Көп балалы ретінде қала әкімдігінде үш жылдан бері пәтер кезегінде тұр. Әкімдік қазір тізімде 1230-шы болып тұрғанын айтты. Дегенмен шенділер орын алған жағдайға орай уақытша баспанамен қамтамасыз етуге уәде беріп отыр. Өрке оранған үйді де қалпына келтіріп бермек.
Елмұрат РАХМАТУЛЛАЕВ, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Заңға сәйкес біз 6 айға дейін үй жалдап беруге дайынбыз. Одан бөлек, үйін қалпына келтіру мақсатында қаланың белсенді меценаттарымен келіссөздер жүргізіп қойдық. олар да көмектесуге дайын. одан бөлек, қаржылай, азық-түліктей, киімдей, барлық шараларды қарастырып отырмыз.
Бұл оқиға қызылордалықтарды да бей-жай қалдырмады. Қазір қоғам белсендірлері әлеуметтік желілер арқылы қаржы жинап бастады. Ал өрттің неден шыққандығы әзірге белгісіз. Мамандар, электр сымдарының қысқаша тұйықталуынан болуы мүмкін деген болжам жасап отыр.
М. Тоқтасынқызы