Русский Сайттың толық нұсқасы

Ауыл балалары дене шынықтыру пәнін сынып бөлмесінде отырып өткізеді

  • AstanaTV
  • 18 ақпан 2021
  • 3046

Қызылорда облысының оқушылары, дене шынықтыру пәнін сынып бөлмесінде отырып өткізуге мәжбүр.  Өйткені олар оқитын мектепте спорт залы жоқ. Шиелі ауданына қарасты Байсын ауылының балалары, салынғанына жарты ғасырдан асқан білім ошағында оқып жүр. Оқушылардың білім алуына еш жағдай жасалмаған. Ол ол ма, ғимарат күн өткен сайын тозып барады.

Бұл ғимарат 1965 жылы асар әдісімен салыныпты. Бастапқыда 8 жылдық болып 180 балаға лайықталып ашылған көрінеді. Байырғы тұрғындар осыны айтты. Ал, қазір 11 сыныпқа дейінгі 230 оқушы әупірімдеп сыйысып отыр дейді. Осыдан болар, бүгінде әбден тозған. Ал, спорт, акт залы, асхана атымен жоқ.  

Ергеш БЕКПЕНБЕТОВ, БАЙСЫН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Өте ескі авариялық жағдайда тұрған мектеп. Бұл менің бала кезімде, кішкентай кезімде асармен соғылған мектеп болатын. Қазіргі заман талабына сай келмейді, спорттық комплекс жоқ. Оқушылардың сыйымдылығы да өте аз.

Жарты ғасыр бұрын салынған ғимарат күн өткен сайын шөгіп барады. Оқушылардың заман талабына сай білім алуына жайлы жағдай мүлде қарастырылмаған. Бұл мәселе мектеп басшыларын да алаңдатып отыр.

Мұрат КӨПЕШБАЙ, БАЙСЫН АУЫЛЫ №207 ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Оқушылар бөлініп оқуға сынып саны жетіспейді, асхананың жоқтығы, спорт алаңыдарының, спорт залдың жоқтығы. Осының барлығы бүгінгі таңда өзекті мәселе.


Өзекті мәселеге Шиелі ауданы атқамінерлері де қанық екен. Олар аудандағы мектеп ғимараттарының 70 пайызы жаңартылғанын айтады. Байсын ауылынада жаңа білім ошағын саламыз деді. Бірақ, әлі қаржы мәселесі түбегейлі шешілмеген.

Алмасбек ЕСМАХАНОВ, ШИЕЛІ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

250 орындық жаңа мектеп салу үшін тиісті жобалық-сметалық құжаттар және мемлекеттік сараптама қортындысы алынып, құрылыс жұмыстарына қаражат бөліну үшін бюжеттік өтінім берілді. Осы ақпан немесе жаз мезгіліне дейін Жаңатұрмыс ауылдық округінен 250 орындық жаңадан мектеп құрылысын салу үшін қаржы бөледі деп жоспарланып отыр.

Шенділер мектептің құрылысы нақты қашан басталатынын дөп басып айта алмады. Сондықтан Байсын аулының балалары үшін әзірге жаңа ғимаратта білім алу арман болып қала тұрмақ.  

М. Тоқтасынқызы