Шымкентте жеңіл рельсті көліктерге арналған құрылыс басталмақ. Қала мегополис дәрежесіне ие болғалы, әсіресе шағын және орта бизнес қарыштап дамыған. Шаһарға соңғы екі жылда 473 миллиард теңге инвестиция тартылған. Халық саны артып, құрылыста қарқын алған. Әріптесім Айзада Төребекқызы тақырыпты тарқатады.
Қалада әсіресе кәсіпкерлік саласы көш бастап тұр. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының дерегінше шағын және орта бизнестің қарқыны күшті. Соңғы 3 жылда кәсіпкерлер саны 10 мыңға өскен.
Нұрлан ҚАБЫШТАЕВ, «АТАМЕКЕН» КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ ШЫМКЕНТ қ. ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Бізде ешқашан шығарылмаған аяқ киімдер, киім кешек, трикотаж, ойыншықтар, сонымен қатар ірі бизнесті айтатын болсақ өндірістік, мақта өңдеу, мақтаны терең өңдеп, оны жіп ине жіптерін басқа не заттарды текстиль заттарын шығарып, сонымен қоса алюминдік банкалардың өндірісі қазір іске асып жатыр.
Жаңадан ашылған кәсіпорындардың бірінде сұлының қауызынан жасалатын 18 түрлі диеталық тәттілер жасалса, сондай-ақ сағыздың 25 түрі шығарылады. Өнім көлемі айына 140 тонна. Оның 25 пайызы көршілес Ресей, Қырғыз, Тәжікстан мен Моңғолияға экспорталуда.
Бақтияр БЕКЕУОВ, КӘСІПОРЫННЫҢ КОММЕРЦИЯЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:
Мегаполис болғалы осы бізде Үкіметтен тиісінше субсидиялар көмектер көрсетілді. Соған сай жұмыс жасап жатырмыз. Алдағы уақытта жоспарлар бұл өнімдерді алға қарай тек дамыту. Биылғы 2021-ға жоспарымыз 7 немесе 8 зауыт ашу.
Айтып өтейін, Шымкент 2018 жылы 19 маусымда Республикалық маңызы бар қалаға айналды. Сол кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мегаполиске жоғары мәртебе беру туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Дәл осы шешім шаһардың дамуы үшін үлкен серпін болды.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ , ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ- ЕЛБАСЫ:
Шымкент еліміздің ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірінің инвестиция, технология және зияткерлік ресурстарын тартатын жаңа орталыққа айналады. Бұл үшін барлық жағдайлар мен қажетті әлеует бар. Бұл қадам қаланың теңгерімді әлеуметтік-экономикалық дамуына және бүкіл өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын дәйекті арттыруға тұрақты серпін береді.
Жыл өткен сайын көркейген қалаға, турист тарту да негізгі назарда. Ескі қалашық аумағында қалпына келтірілген тарихи орын соның көрінісі. Мұнда ашық аспан астындағы мұражай, амфитеатр болады. Көне шаһарды қалпына келтіруде біршама жұмыс жүруде. Шымкентте құрылыс саласы да қарқынды. Сәйкесінше халық саны да өскен. Үш жылда 74 мың адам қосылыпты. Енді жеңіл рельсті көлік қатынасын енгізбек.
Нұрлан АРХАБАЕВ, ШЫМКЕНТ қ. СӘУЛЕТ, ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Байланыс мысалы Түркістан , Шымкент сонан кейін Ташкентке дейінгі жоғары жылдамдықта жүретін рельстік транспортты қазір бағыттап отыр. Сонымен қатар қаланың ішінде де сондай рельстер болады. Кәдімгі легкий рельсовый дейді ғой дейді ғой сондай транспорттар үлкен негізгі көшелердің бойында сол қамтиды.
Жеңіл рельсті көліктер миллионды қалада көлік кептелісін тудырмаудың бір амалы. Қазір көшелерден үлкен жолайырықтар да салынып жатыр. Шенеуніктердің есебінше, алдағы он бес жылда шымкенттіктердің саны екі миллионға жетеді.
А. Төребекқызы