Русский Сайттың толық нұсқасы

Петропавлдағы өрттен 100-ден астам тұрғын баспанасыз қалды

  • AstanaTV
  • 22 ақпан 2021
  • 1953

Петропавлдағы жатақханада болған өрттен 100-ден аса тұрғын далада қалды. Өйткені олардың баспанасы тұруға жарамсыз болып қалған. Төтенше жағдай мамандары газ боллоны жарылды деген болжамдарымен бөлісті. Демалыс күні бес қабатты жатақхана өртеніп, екі адам қаза болды. Ауруханада жатқандардың бірінің жағдайын дәрігерлер ауыр деп бағалауда.

Өрт жатақхананың бірінші қабатында орналасқан дәмханалардың бірінен шыққан. 5 қабатты ғимарат газға қосылмағандықтан, кәсіпкер мұнда газ баллонын пайдаланыпты. Сағат күндізгі төрттер шамасында шыққан жалын, бірер минуттың ішінде бірінші және екінші қабаттардағы бөлмелерді шарпыған. Ал қалың түтін үйді орап алды.

Рамиль КАМАЛОВ, СҚО ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:

Жатақхананың бірінші қабатында дәмхана мен шаштараз орналасқан. Жарылыс ас бөлмесінен шықты. Ғимараттан 120 адам эвакуацияланды. Қаланың барлық күші осында жұмылдырылған.

Жарылыстың салдарынан 21 жастағы әйел оқиға орнында бақилық болды. Тағы бір адам ауыр жарақаттан ауруханада жан тапсырды. Қалған жәбірленушілердің жағдайын дәрігерлер орташа деп бағалап отыр.

Гүлнәр ҚАЛИЕВА, СҚО ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:


Қалалық көпбейінді ауруханаға кеше 12 адам жеткізілді. Оның біреуі 24 жастағы ер азамат қайтыс болды. 20 жастағы қыз бала реанимацияда, жағдайы өте ауыр деп бағалануда. Сондай-ақ, алты адам үйге амбулаторлық емделуге жіберілді. Қалғандары ауруханада жатыр. Орташа жастарын алғанда 20 мен 43 жас аралығында, ауруханаға жеткізілгендер.

Өрттің кесірінен жүзден астам адам далада қалды. Жетпіске жуық тұрғын жақын маңайдағы мектеп пен университетке орналастырылды. Қалғандары туыстарының үйіне кеткен. Қазір билік өкілдері шығын көлемін есептеуде. Атқамінерлер оттан зардап шеккен отбасыларға өтемақы төлейтіндерін жеткізді.

Құмар АҚСАҚАЛОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Қайғыға тап болған отбасыларға шын жүректен көңілімді айтамын және емделіп жатқан азаматтар тезірек оңалып, қайта оралуын тілеймін. Пәтер иелеріне қаржылай көмек жасалынады. Осы ғимаратты толығымен қалпына келтіру үшін қаланың бюджетінен тиісті қаражат бөлініп, біз оны толығымен жөндейтін боламыз.


Қайғылы жағдайдан соң, көпқабатты үйлерде қызмет етіп жатқан кәсіпкерлерге газ баллонын пайдалануға тиым салды. Қазір арнайы комиссия құрылып, рейд шараларын қолға алмақ. Бүгінде Петропавлда 1200ден астам тұрғын үй болса, оның төртінтен бірі орталықтандырылған газ жүйесінен ажыратылған.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Орайы келгенде айта кетейік, 1971 жылы бой көтерген бұл жатақхана осымен екінші рет жаңғыртылмақ. Бірнеше жыл бұрын ғимараттың бір бұрышындағы кірпіштер опырылып түскен еді. Артынша, жергілікті билік жөндеу жұмыстарын қолға алып, нысанның қасбетін қалпына келтірген болатын.

А. Құрманкин