Жамбыл облысына қарасты, Жаңатастағы өрттің неден болғаны әлі анықталған жоқ. Төтенше жағдай мамандары жалын балалар бөлмесінен шыққанын болжауда. Ал куәгерлер жедел-жәрдем де, өрт сөндірушілер кеш келгенін айтады. Түтінге тұншыққан бүлдіршіндердің төртеуін анасы, жалынның ортасынан өзі алып шыққан.
Көпқабатты тұрғын үйдегі оқиға орнында арнайы мамандар жұмыс істеп жатыр. Үйдің кіре берісін полиция күзетіп тұр. Төменгі қабатта тұратын көршілер түтінді тым кеш байқадық дейді. Сол күні келіншек кенжесінің тамағын беріп, ұйықтатқан соң, азық-түлік алуға дүкенге шығып кетіпті. Өртті сыртта жүрген адамдар көріп хабар берген. Құтқарушылар келгенше пәтер ішінен бес баланың төртеуін анасы, өзі алып шыққан. Жедел жәрдем жетемін дегенше оларды көршілерінің көлігімен ауруханаға алып кеткен. Өкінішке орай сәбилер аурухана жетпеген. Оқиға орнына кейін келген төтеншеліктер үйден бесінші баланың мәйітін тапқан.
Алтынкүл ЖАМАЛБЕКОВА, ЖАҢАТАС ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Құтымен су және сүлгі беріңіз деді. Мен аштым. Бердім. Бірақ айқайлаған жоқ. Айқайласа бәріміз шығар едік қой. Ашсам мына жердің барлығы түтін. Шыға алмайсың. Болды. Басқа ештеңе білмеймін.
Садық ЕГЕМБЕРДИЕВ, ЖАҢАТАС ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Полға дейін түтін. Кірдім де қайтып шығып кеттім. Жылыту пешін қоймаған. Себебі біз кеше криминалистермен кіріп көрдік қой. Жедел жәрдем кейін келді.
Ажал құшқан бес баланың әкесі аудандық ауруханада бухгалтер болып жұмыс істейді. Ал анасы мұғалім, бірақ қазір бала күтімімен үйде отыр. Өрт болған пәтер, балалардың нағашы апасына тиесілі. Жас отбасы көпбалалы ретінде пәтер кезегінде тұр.
Ораз ИСМАИЛОВ, ЖАҢАТАС ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Бірінші сыныпқа енді барған бала ғой. Қалғандарының ортасы бір жастан. Осында бәрі тізіліп жүретін анасының артынан. Жас отбасы ғой. Олар анасының орнына көшіп келді ме, бірдеңе қылды. Бұрын әке-шешесінің пәтерінде тұрған.
Әзірге бес баланың өмірін жалмаған өрттің неден шыққаны белгісіз. Нақты себебін анықтау үшін бірнеше сараптама тағайындалыпты.
Ермек МОМБАЕВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ:
Зерттеу жүргізу барысында оқиға орнында электр қондырғылары, жағымсыз сымдар немесе өзге де жылыту құралдары болмаған. Балалар бөлмесінде өрт басталған. Өрттің қызу себебінен тез жанатын құрылғылар әсері тиген. Обой деп жатамыз, сайднинг дейміз.
Қара жамылған әулет өткен сенбі күні бес баланы жер қойнына тапсырды. Жерлеу рәсімі Талас ауданы Үшарал ауылында өтті. Ата-анасына арнайы мамандар көмек көрсетуде.
Б. Жұмабайұлы