Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақ тілінің латын графикасындағы әліпбиінің үлгісінде жиырма бес әріп болады

  • AstanaTV
  • 11 қыркүйек 2017
  • 4769

Қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасы ұсынылды. Бүгін латын қарпіне көшу бойынша жұмыс тобы жаңа жобаны парламенттік тыңдауға шығарды. Қазақ тілінің латын графикасындағы әліпбиінің үлгісінде жиырма бес әріп болады. Ғылыми орталық өкілдері атқарылған жұмыс нәтижесімен бөлісті. Жаңа әріптер диграф жүйесі арқылы іріктелген. Толығырақ тілшіміздің бейнематериалында.

Қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасы қандай болады деген сауал көпшіліктің қызығушылығын тудырғаны рас. Мемлекеттік тілді жаңғырту қажеттігі, оның ішінде латын графикасына өтудің маңыздылығы туралы Елбасы халыққа арнаған жолдауында атап өткен еді. Президент бұл ретте 2017 жылдың соңына дейін жаңа латын әліпбиінің стандартын қабылдап, мұнан кейін сатылы түрде оқулықтар мен әдебиеттерде қолданысқа енгізуге дайындықты бастау міндетін қойған. Одан бері біршама істер атқарылды. Нәтижесі айтарлықтай.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Жүз жобадан бүгін бір жобаға келіп отыр. Оның ішінде он жылдан астам жұмысты жалғастырды осы жұмыс тобы, сондықтан ол өте маңызды сұрақ. Әрине, бір күнде шешілмейтін мәселе.

Мәжілісте өткен отырыста тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының өкілдері жаңа қазақ әліпбиінің сынақ-үлгісін ортаға салды. Ғалымдар жобаны жүзеге асыру барысында ХХ ғасырдың басында қолданыста болған қағидаттарды ұстанғанын жасырмады.  

Ербол Тілешов, Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамыту республикалық  орталығының директоры:

Ахмет Байтұрсыновтың фонетикалық принципі. Жалпы Алаш зиялыларының принципі. 1924 жылғы қазақ білімпаздарының съезі болған. Сонда Омаров, Дулатов,  Досмұқаметов, барлығы дерлік баяндама жасаған. Біз сол принциптерді қарастырдық. Ең басты принцип - қазақтың дыбысын сақтау. Екінші принцип - қазақтың жуан-жіңішке сыңары сингармонизм заңын сақтау.

Жаңа нұсқада қазақ тіліндегі дыбыстардың толыққанды сақталуы аса маңызды. Осы ретте мамандар арнайы диграф жүйесін енгізуді жөн көріпті.

Отырыс барысында жаңа туындының ерекшеліктері де ортаға салынды. Енді 25 әріппен қоса, 8 қосымша дыбыс қолданысқа енгізілуі мүмкін. Сарапшылар пікіріне сай, латын әліпбиіне көшу сұрақтары саяси емес, лингвистикалық мәселе, сондықтан бұл жәйт аса мұқият болуды қажет етеді.

Наталья Годунова, «Нұр Отан» партиясының хатшысы:

Біздің ойымызша, латын әліпбиіне көшу ұлттың технологиялық және мәдени тұрғыда дамуына септігін тигізеді. Сонымен қатар, орыс тілін қолдану көлемінің азаюы бойынша ешқандай қауіп көріп тұрған жоқпыз. 

Әзірге тұрғындарға ыңғайлы болуы үшін арнайы конвертер жасақталыпты. Бұл  мобильді қосымшадағы бағдарлама сөздерді бірнеше секундта латын қарпіне аударуға қауқарлы. Латын стандартына көшу жобасы бірнеше сарапшылардың сүзгісінен өткен

Юлия Кучинская, «Нұр Отан» партиясы саяси талдау және стратегиялық зерттеулер орталығының директоры:

Зерттеулер нәтижесіне сай, тұрғындардың басым бөлігі қазақ тілінің латын графикасына ауысуына қарсы емес. Біз жұмыла сараптама жүргізу арқылы жаңашылдықтың барысын бақылап отырамыз. Жобамен айналысатын мамандар мен мемлекеттік орган өкілдері жаңа әліпби үлгіне ауысуды кезең-кезеңмен жүзеге асыратындығын жеткізді.

Бүгінгі тыңдалымға шығарылған нұсқа жақын күндері жарияланып, көпшілік назарына ұсынылмақ. Мамандар бұл соңғы вариант емес екендігін, жоба әлі де жетілдіріле түсетінін айтып отыр. Латын графикасы арқылы жасалған қазақ әліпбиі алдағы уақытта ғалымдар мен саясаткерлерден және депутаттардан құрылған жұмыс тобында тағы бір мәрте сараптамадан өтеді.