Елде бір апта ішінде 3 мыңнан астам қылмыс жасалған. Оның 2 мыңға жуығы бір тәулікте орын алыпты. Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі осындай мәлімдеме жасады. Олардың дерегінше, сотталғандарды қайта тәрбиелеп, қоғамға бейімдеу тетіктері де қолға алынған. Жазасын өтеп шыққандарды жұмыспен қамту мәселесін де шешуді көздеп отыр. Тақырыпты толығырақ әріптесім жалғастырсын.
Иә, құқыққорғаушылар қылмыскерлерді қоғамға бейімдеп жатырмыз деп ағынан жарылды. Бұл қаншалықты рас? Түрмеден шыққандар лайықты өмірге қолы жетіп жүр ме? Мәселен, өзін Әлібек деп таныстырған елордалық азамат осыдан 1 жыл бұрын жазасын өтеп шыққан. Бірақ, екі қолға бір күрек таппай жүргенін айтады. Ол нәпақасын жалдамалы жұмыстан тауып, әрең күнелтіп жүрмін, -дейді.
Әлібек, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Бостандыққа шыққан соң жағдай қиындап кетті. Елде ешқандай жер официальный жұмысқа алмайды. Соответственно менде қаражат жоқ. Калымдарға шығып тұрамын арасында, әсіресе карантинде оның өзі қиын болып тұр.
Әлібектің күйін кешкен жан қаншама. Дегенмен, өмірден өз орнын тапқандар да аз емес. Қылмыстық атқару жүйесі департаменті мамандары қамаудан шыққандарды жұмыспен қамту мәселесі реттеле бастағанын айтады.
Мұрат ОРАЛБАЕВ, ӘДІЛЕТ ПОДПОЛКОВНИГІ:
Пробация қызметкерлері айыбын өтеп шыққандарды қатарға қосу мақсатында түрлі өнім шығаратын кәсіпорындармен тиісті іс-әрекеттерді жүзеге асырады. Көбіне жиһаз, темір құрылыстары т. б. орындарында "Еңбек кодексіне" сай қызметін жалғастыруына мүмкіндік жасалады.
Ішкі істер министрлігі жазасын өтеу мекемесінде де қызмет түрлері жаңаратынын ескертті. Түрмедегі кітап қоры кеңейтіліп, психологиялық көмекті күшейтеміз деп отыр. Тек ол емес, сотталғандар енді жақындарымен бейнесөйлесу арқылы да байланысуына мүмкіндік тумақ.
Бибігүл МҰҢАЙТПАСОВА, ҚЫЛМЫСТЫҚ АТҚАРУ ЖҮЙЕСІНІҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ:
Қылмыстық-атқару жүйесін дамыту, қамауда ұстау орындарының инфрақұрылымын жаңғырту, сотталғандарды жұмысқа орналастыру, оларға медициналық қызмет көрсету, сондай-ақ мекемелерді бейнебақылаумен жарақтандыру мәселелері жолға қойылады.
Еске сала кетсек, қаңтар айының соңғы аптасында 3146 қылмыс тіркелді. Полиция қызметкерлері кісі өлтіруге қатысты – 8, өлімге апарып соқтырған қасақана жасалған 8 қылмысты әшкерелеген.
Ғ.Өтемісов