Русский Сайттың толық нұсқасы

Елімізде бензин бағасы қымбаттады

  • AstanaTV
  • 11 қыркүйек 2017
  • 2397

Еліміздің барлық өңірлерінде бензин бағасы қымбаттады. Мәселен, Оралда жанармайдың әр литрінің құны 4 теңгеге артқан. Өзге аймақтар да қалысар емес. Жылда қайталанатын бұл құбылыс биыл да, әдеттегідей, қарапайым жүргізушілерге ауыр тиіп жатыр. Бензин бағасы неліктен шарықтап кетті, бұл құбылыс әрі қарай да жалғаса ма? Еркін карин осы сауалдарға жауап іздеп көрді.

"ҚазМұнайГаз" АИ-92 маркалы бензиннің әр литрін 144 теңгеден сатса, Helios 145 теңгеге бағалапты. Сарапшылар пікірінше, сұйық отынның қымбаттауы отандық зауттардың жоспарлы жөндеуге жабылуымен байланысты. Атырау МӨЗ қыркүйек айының соңына дейін, ал павлодардағы зауыт 26 қазанға дейін өз жұмысын тоқтатты. Ал мамандар бензиннің қымбаттамаса арзандамайтынын айтып болжам жасап отыр.

Камилла Манакова, тәуелсіз сарапшы:

Жылдың соңында және келер жылдың басында АИ-92 маркалы бензин бағасы 150 теңгеге жетеді. Ал 2018-жылы бірыңғай еуразиялық энергетикалық нарықтың бағасымен теңеседі. Яғни бағасы ресей бензинімен бірдей болады.

Таразда да бензин бағасы шарықтап шыға келді. Ел ең көп тұтатын «ГазПромНефть» бекетіндегі АИ 92-нің бағасы 150-теңгеге жақындаған. Ал өзге жанармай стансаларында 144-145 теңгеден сатылып жатыр. Өңірдегі көліктердің көбісі газға көшпеген, амалы таусылған тұрғындар қымбат бензинді құюға мәжбүр.

Талғат Қосақов, Тараз қаласының тұрғыны:

Соңғы бензиннің бағасы, мысалы, ең бірінші мықты деген «Газпромнефт» бекеті ғой, 147  теңге болды. Ол қымбат енді, әрине, қазіргі жағдайға өте қымбат. Басқа заправкалар 145 теңге болып тұр «Гелиосың» бар, «ҚазМұнайГазың» бар. Бензиннен басқа нәрселер де қымбаттап жатыр. Біз енді такси боп ешқандай бағаны көтерген жоқпыз. Өйткені, халықтың жағдайына қараймыз. Айлық көтеріп жатқан жоқ. Азық-түлік те қымбат. 

Батыс өңірдегі қымбаттаудың себебін мамандар екі фактормен байланыстырады. Алғашқы себеп - Атырау мұнай өңдеу зауытының жөндеуге жабылуы. Бұған Ресей рублінің қымбаттауы да салқынын тигізіпті. Қазір Оралға бензиннің 60-70 пайызы Ресейден әкелінеді. Қалғаны - атыраулық зауыттың үлесінде.

Бейімбет Мусин, БҚО Энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:

Қазіргі уақытта Ресей рублінің курсы жоғарылауда. Тасымалдаушы кәсіпорындар өздерінің бензинін ресей рублімен алады. Рубль курсы көтерілген жағдайда сәйкесінше бағаға әсерін береді.

Дегенмен мамандар бензин тапшылығы жоқ екенін айтып көңіл жұбатады. Бірақ зауыт жөнделіп біткесін немесе рубль құлдыраса, бензиннің арзандайтынын тап басып айта алмай отыр. Өйткені бензин бағасын мемлекет реттемейді.

Еркін КАРИН