Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарда 6 жылдан бері жылуға жарымаған тұрғындар Президентке хат жазды

  • AstanaTV
  • 24 ақпан 2021
  • 2872

Жылуға жарымаған павлодарлықтар, Президентке хат жазды. 6 жылдан бері суық пәтерлерді паналап келген тұрғындардың жергілікті билікке, өкпесі қара қазандай. Қалың бұқара: мәселені айтып бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады деді. Алайда, құлақ асар өңірде жан таба алмаған. Шыдамы таусылған ағайынның жанайқанын тілшіміз жеткізеді.  

Қыс басталысымен тұрғындардан маза қашқан. Пәтер іші азынап тұр. Тоңып қалмас үшін үйде қалың киініп жүруге мәжбүр. Жылу жеткіліксіз болғандықтан, қосымша электр жылтқыштарды қосқан. Бұл көпқабатты тұрғын үйде 800-ге жуық адам тұрады. Барлығының көрген күні осы.

Үкітай ӘБІЛХАЛЫҚОВ, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


16-шы жылы осында көшіп келдік. Содан бері тұрып жатырмыз. Қыс бір жылы болған жоқ. Менен басқалардан сұрасаңыз да соны айтады. Салқын, 20-дан аспайды. 18-ге дейін құлайды. Суықтарда аяз болған кезде түсіп қалады. Сол әлгі жылы киіммен жүреміз үйде.


Бұқара қыс келсе жылуға жарымай жүргелі 6 жыл болған. Жыл сайын проблема көтеріп әкімдікке талай барыпты. Алайда, ешқайсынан нәтиже шықпаған. Жергілікті атқамінерлер шешеміз дегеннен әрі аспады – деп
отыр.

Құсни ШАХИЕВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Үйіміз қыс бойы суық. Енді обагреватель қоямыз. Өзіміз жасымыз келген кісілер. Сондықтан ауыр бізге. Қыс бойы тоңып шықтық. Арасында ауырдық та. Сондықтан қиындау бізге.


Ал пәтер иелерінің бірлестігі барлық кінә жылу орталығында – деп отыр. Олар шамаларының келгенінше жылуды беріп жатқандарын жеткізді.

Евгения ШКВЕРА, ПИК ӨКІЛІ:

Жаңа жылдан кейін үйлер суып кетті. Біз күн сайын температураны бақылап отырмыз. Алайда, жылу жөнді берілмей отыр. Жылу орталығы жылу мөлшерін реттедік - дейді. Бірақ, одан аса бәр нәтиже бола қоймады. Бұл ең соңғы үй болғандықтан, жылу толыққанды жетпей тұр. Орталықтағылар жылуды көп мөлшерде бергенін айтады. Бірақ, ешкім нақты себебін таба алмады.

Әкімдіктегілер болса, бұл үйдегі мәселені жақсы беліді. Біздің сауалымызға да жылудың проблемасын шешу бойынша тиісті жұмыстар жүргізіп жатқандарын айтып ақталды.

Салтанат ӘКІМБЕКОВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Қазіргі уақытта «Павлодар жылу желілері» кәсіпорыны жылу мөлшерін ұлғайту мақсатында температураны ретке келтіріп жатыр. Биыл әкімдік 42 жылу магистралін жөндеу үшін 3,3 млрд теңге бөлді. Құбырдың жалпы ұзындығы 3,8 шақырымды құрайды. Бұл «Усолка» және «Саяжай» шағын аудандарындағы жылу жүйесін жақсартуға мүмкіндік береді.

Амалы таусылған бұқара, әкімдіктің бұл сөзіне де сенбейді. Бұған дейін де берген уәделерін әлі күнге орындаған емес деп отыр. Шыдамы таусылған павлодарлықтар мемлекет басшысынан көмек сұрауға бел буған.
 
Ө. Қуанар