Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда қаржы пирамидасының құрбандары полиция ғимаратына жиналды

  • AstanaTV
  • 25 ақпан 2021
  • 2125

Алматыда қаржы пирамидасына алданған жұрт, бүгін қалалық полиция ғимаратына келді. Олар құқық қорғау органдарының алаяқты табуын талап етті. Ұйымның арбауына түскендер, құзырлылардың табалдырығын тоздырып жүр. Бірақ нәтиже көре алар емес.

Алматылық Нүрилә Жанәділ осыдан 2 жарым жыл бұрын қаржылық пирамиданың біріне 1 миллион теңге ақша салған. Компанияның "қаражат үстіне қаражат қосып береміз" деген ұсынысы қызықтырса керек. Сенімге кіру үшін келісім-шарт жасасыпты. Мүгедек баламды емдетемін деп алданып қалдым деп қосты.  
 
Нүрилә ЖАНӘДІЛ, САЛЫМШЫ:

Ақшаңызды көбейтіп аласыз, осындай компания бар. Миллион салсаңыз 30 пайызын береді. 2 млн салсаңыз оның 60 пайызын аласың деді. Сол бойынша ноябрь айында 2018-дің бардық. Салдық. Ешқандай хабар жоқ, болды сол. Ешқандай өсімінде алғанымыз жоқ. Қазір жағдайымыз тым ауыр.


Салы суға кеткен келіншек, енді кімнен көмек сұрарын білмей дал. Бар үміті полицияда ғана. Бұл жерге  ел аумағы бойынша қаржы пирамидасына алғанданғар жиналыпты. Өздерінің айтуынша қаражатынан айрылғандар шамамен 5 мыңнан асады. Тіпті несие алып салғандар да бар екен.

Нұргүл , САЛЫМШЫ:


Ұйымның аты «Лидер». Жиырма миллион теңге салдым. Қарызда бар, кредеитте бар, туысқандарымның ақшасы да бар. Басқаның да ақшасы бар. Өзіміздің салған ақшамызды қайтарып берсе, бізге пайыз ештеңесі қажеті жоқ.


Равиля НУХУНОВА, САЛЫМШЫ:


Осымен қаншама рет полицияның алдына келіп тұрмыз. Бармаған жеріміз жоқ. Еліміз бойынша 5 мыңнан астам адам алдандық. Мен 3 миллион теңгемді салғанмын. Ұйымның басшысы Рүстем Тұрғанов ізім-қайым жоқ. Оны қолға түсіруге ешкім ат салысар емес.

Салымшылардың айтуынша, ұйым басшысы қазір елде жоқ. Сондықтан олар қалалық полициядан көмек сұрайды. Ондағылардан жауап алмақшы болды.

Ал полиция департаментіндегілер күдіктінің халықаралық іздеуде жүргенін мәлімдеді.

Евгений ЛЫСЕНКО, АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

2020 жылдың қаңтар айында күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бірақ алаяқ азамат әлі ұсталмады. Іс, Қылмыстық Кодекстің 190-шы  және 217-баптың 3-ші бөлімі бойынша қаралып жатыр. Қазір күдіктіге халықаралық іздеу жарияланды.

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

Сондықтан Полиция, салымшыларға сабырмен күтуден басқа амал жоқ дейді. Ал аталған ұйым елімізде екі жылдан астам уақыт жұмыс істепті. Бұл қаржы ұйымына бір ғана Алматыдан, 270 адам қаражат салған.


Ә. Лесбек