Русский Сайттың толық нұсқасы

13 жастағы қызды көшеде ұрған кім?

  • AstanaTV
  • 25 ақпан 2021
  • 3035

Павлодарда ер адам көшеде 13 жастағы қыз баланы тепкілеп тастады. Оқиға қаланың орталық көшелерінің бірінде болған. Ер адамның оны қуып барып, құлатып, ұрып, теуіп жатқаны сол маңдағы дүкеннің бейнебақылау камерасына түсіп қалыпты. Алайда, көпшіліктің көзінше жасөспірім соққыға жығылса да, ешкім оған араша болмаған. Ал оқушы қыздың анасы оқиғаның қалай болғанын бізге телефон арқылы айтып берді.

ЗАРДАП ШЕГУШІНІҢ АНАСЫ:


Ол менің қызымды басқа қызбен шатастырып алыпты. Дүкенде 3 қыз тұрған. Қыздардың біреуі онымен сөзге келіп қалып, ер адамға "мал" деп айтқан. Ер адам бұл сөзді менің қызым айтты - деп ойлап қалып, оған тап беріпті. Осы сәтте ол дүкеннен қашып шыққан. Кейін қылмысын жасыру үшін жанағы жігіттің әйелі менің қызыма 2 мың теңге беріпті. Күні бойы күттік. Тіпті, кешірімде сұраған жоқ. Енді тиісті жазасын алуын сұраймын.

Аты-жөнін атамауды сұраған қыздың анасы, баласының түрлі дене жарақатын алғанын айтады. Қолы мен аяғы көгеріп, арқасы ауырсынып қалған. Тәртіп сақшылары күдіктіні дереу тапқан. Алайда, ол кінәсін мойындамаудан бас тартқан. Полиция оның қылмысы дәлелденсе, 2 жыл бас бостандығынан айырылуы мүмкін немесе 2 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелмек. Әзірге аталған факті бойынша арнайы сараптама жасалып, тексеруге жөнелтілген.

Ө. Қуанар