Русский Сайттың толық нұсқасы

Елордада бензин бағасы 1 күнде 10 теңгеге өскен

  • AstanaTV
  • 26 ақпан 2021
  • 1990

Елде жанар-жағар май қымбаттады. Әсіресе, сұранысқа ие АИ-92 бензинінің бағасы 10 теңгеге дейін өскен. Жауаптылар бұған бірнеше фактор себеп екенін алға тартты. Сонымен бірге енді мемлекет сұйытылған газ бағасын бақыламайтын болды. Өйткені, мемлекет басшысының пәрменіне сәйкес бұйырық 1 наурызда күшін жояды. Одан кейін көгілдір отынның бағасы шарықтап кетпей ме? Бұның себебі неде? Әріптесім Асылбек Данияр сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Өткен жылы Президент пандемияға байланысты сұйытылған мұнай газын уақытша реттеуді тапсырған болатын. Берілген мерзім аяқталды. Енді бұйырықтың күші жойылмақ. Бұдан бұлай қайтадан көгілдір отынның шекті бағасын кәсіпкерлердің өзі бекітеді. Айта кету керек, бұл үрдіс 2017 жылдан бері жүзеге асырылып келген. Дегенмен азық-түліктің артынан жанар-жағар майдың құны көтеріліп кете ме деген қауіп бар. Министрлік өкілі мұны бұлай түсдірді.

Дәурен ӘБІЛҚАЙЫРОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРЛІГІНІҢ ГАЗ ЖӘНЕ МҰНАЙ-ГАЗ, ХИМИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Бағаны бірінші наурыздан кейін көтеріліп кетеді деуге негіз жоқ. Өйткені, бәсекелікті қорғау агенттігі оны қадағалайды. Қазіргі таңда баға көтерілуі автогаз станциаларында байқалмайды. Заңсыз көтерілген жағдайда бәсекелікті қорғау агенттігі оны қадағалап, тиісті шараларды қолданады.  


Елде газ емес, керісінше бензин қымбаттап кетті. Қымбатшылық Нұр-Сұлтанда, Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстарында да байқалады. Әзірге Шымкент пен Түркістан облысында жанар майдың құны қалыпты. 1 литрі 145 теңге шамасында. Дегенмен, бір күннің ішінде Нұр-Сұлтан қаласында отынның бағасы 4%-ға дейін көтерілген. Бұған көлік тізгіндегендер де аң-таң.

БЛИЦ:

- Қазір баға қымбаттады 160 теңгеге. Алдындары 150 теңге болған.

- 160 теңге АИ-92 алдындары 150 теңге жобасында еді. Бірақ басқа заправкаларға қарағанда қымбат. Енді мынау 160 теңге деген масқара.

- Байқадым, иә. Мына жерде 3 теңгеге қымбаттаса, тағы бір жерде 7-8 теңге, тіпті 10 теңгеге қымбаттаған жерлер бар.  Бұл бірден көтеріліп кетті. Түсінбей қалдым.


Бензиннің ақысы өскенін жауапты компанияларда мойындап отыр. Олар жанар-жағар майдан тапшылығы жоқ деді. Бағаның шарықтап кетуіне мұнайдың құны, салық, тауарды тасымалдау себеп болғанын айтады.

PETRORETAIL ЖШС КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:


Бұл біздің мұнай базаларындағы жанармай қалдықтарының «арзан» партияларына мониторинг жасауымызға байланысты. «Қымбат» жаңа бағамен жанармай партиялары келіп түскеннен кейін бензинге бағалар да көтеріледі. Бағаның көтерілуі өнім құнының қымбаттауына байланысты болуы ықтимал.

Бәсекелікті қорғау және дамыту агенттігі бензинді әрі қарай қымбаттатпау үшін аумақтық бөлімшелер бақылауында ұстайтынын жеткізді. Егер заңнаманы бұзу белгілері анықталған жағдайда, монополияға қарсы шаралар қабылданатынын ескертті.

А. Данияр