Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде қылмыскер енесін пышақтап, стоматология әкімшісін кепілге алды

  • AstanaTV
  • 15 наурыз 2017
  • 2956

Ақтөбедегі оқыс оқиғаға орай қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Бұл жөнінде облыстық ішкі істер департаменті хабар таратуда. Кеше кешкісін шахардың күштік құрылымдары аяғынан тік тұрды. 26 жастағы жігіт стоматологиялық кабинеттің әкімшісін кепілге алған. Және осыдан бір апта бұрын ажырасқан әйелін әкелуді талап етеді. Полицейлер мен прокурорлар бірлесе отырып, 5 сағат бойы онымен келіссөз жүргізді. Алайда, нәтиже бермеген. Оқиға орнына жеткен туған-туыстарымен де тілдеспепті. Кепілге алынған адамның өміріне шынымен қауіп төнген. Сондықтан құқық қорғаушылар арнайы операция жүргізіп, қылмыскердің көзін жойды. Абырой болғанда, стоматология әкімшісі дін аман, бірақ психологиялық тұрғыда зардап шеккендіктен, дәрігерлердің көмегіне жүгінген.

Арыстанғали Заппаров, облыстық ІІД бастығының бірінші орынбасары:

«Қылмыскер бар мақсаты бұрынғы әйелін өлтіру екенін, оны алдын ала жоспарлағанын айтты. 5 сағат бойы жүргізілген келіссөздер нәтиже бермеді. Барлық қабылданған шаралар бейбіт жолмен шешуге еш мүмкіндік болмағандықтан, әрі қылмыскер әр минут сайын ызаланып, қауіпті күшейтті. Полицейлер кепілге алынған азаматшаның өмірін аман алып қалу үшін,  сағат 00-де арнайы операция өткізді. Заңға сай табельдік қарумен оның көзі жойылды».

Ішкі істер органы өкілдерінің дерегінше, көзі жойылған азамат бұрын да ұрлық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Және осы оқиғаның алдында ғана бұрынғы әйелін өлтіру үшін оның туыстарының үйіне барыпты. Оның қолынан енесі пышақ жарақатын алған.