Русский Сайттың толық нұсқасы

Карантинсіз, қалыпты өмірге қашан ораламыз?

  • AstanaTV
  • 01 наурыз 2021
  • 2407

Қазақстандықтар қашан қалыпты өмірге оралады? Алқа отырысын өткізген денсаулық сақтау министрі коронавирусқа қарсы вакцинация басталғаннан кейінгі болжамымен бөлісті. Алексей Цой қандай жағдайда карантиндік шектеулер алынып тасталатынын айтты. Сонымен бірге, елде бүгіннен бастап педаогогтар мен тәртіп сақшыларына екпе салынып жатыр.

Жаппай медициналық маска кию, әлеуметтік арақашықтықты сақтау бүгінде індетке тосқауыл болатын бірден-бір сақтық шарасы. Елдің бас дәрігерінің сөзінше, екпе салу арқылы алдын ала жасалған болжамдарды болдырмауға да болады. Егер бәрі жоспар бойынша орындалса, алдағы алты айда вирус жұқтырушылар саны айтарлықтай төмендейді.

Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Қазір бүкіл әлем коронавирусқа қарсы препаратты қабылдаса ғана карантинсіз, қалыпты өмірге оралуға болатынын түсінді. Осыған байланысты өңірлерде иммундау мәселесі бойынша халыққа ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет.

Пандемия басталғалы алғы шепте жүрген дәрігерлердің қоғамдағы орны айқын көрінді. Жалпы елдегі ақ халаттылардың жалақасы 2023 жылға дейін 561 мың теңгеге жетпек. Ал, медицина мамандығын оқып жатқан студенттердің шәкіртақысы 25 пайызға арттыру жоспарланып отыр. Алда атқарылар істің арасында дәл осы салада білім беру гранттарын 40 пайызға ұлғайту жайы қарастырылған. Сондай-ақ келер жылы медициналық емес мамандардың еңбек ақысын көтеру де пысықталып жатқан көрінеді.  

Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Мемлекет басшысы биылдан бастап дәрігерлердің жалақысын кезең-кезеңімен көтеру міндеген болатын. 2023 жылға қарай ақ халаттылардың жалақысы экономикадағы орташа жалақыдан екі жарым есе жоғары деңгейге жетеді деп болжануда. Осылайша, 2021 жылы дәрігерлердің орташа жалақысы шамамен 320 мың теңге болады.

COVID-19-ға қарсы жаппай вакцинациялаудың жоспары бойынша дәріні бүгіннен бастап ұстаздар мен құқық қорғаушылар салдыруда. Бүгін қанша адам екпе алғаны әзір белгісіз. Жалпы елорда бойынша осы санатқа кіретін 15 мыңнан астам маман бар. Соның бірі қаладағы №27 мектеп-лицейдің мұғалімі Зиба Қаратаева.

Зиба ҚАРАТАЕВА, МҰҒАЛІМ:

Бұл өзімнің келісімім бойынша өзімнің денсаулығымды сақтап қалғым келеді. Сондықтан да мен өз еркіммен келдім. Оны барлығымыз оқыдық, білдік. Жаңалықтардан бәрін қадағалап отырдық. Қобалжу бар, бірақ қуаныш сезімі.

Айта кету керек, министрлік жылдың соңына дейін 6 миллион тұрғынды вакцинаицялауды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, коронавирусқа шылдыққан науқастарды емдеу тарифі қайта қарастырылмақ.

А. Данияр