Русский Сайттың толық нұсқасы

Азық-түлік бағасын тұрақтандыра алмаған әкім орынбасарларын жауапқа тартуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 02 наурыз 2021
  • 2495

Азық-түлік бағасын тұрақтандыра алмаған лауазымды тұлғалар, енді жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бүгін Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов осындай ұсыныс тастады. Оның дерегінше, соңғы бір жылда әлеуметтік маңызы бар тауарлардың құны шамамен 2 жарым пайызға қымбаттаған. Мұның басты себебі, жауапты азаматтардың жауапсыздығынан дейді. Әріптесім Ғалымжан Өтемісов тақырыпты тарқатады.

Соңғы бірнеше аптада жұрт жар сала талқылаған ет пен жұмыртқа бағасы естеріңізде болар? Бірден 5 пайызға қымбаттаған деп байбалам салдық. Ол ол ма, бүгінде барлық тауарлардың орташа құны да едәуір артып кеткен. Мұны министр Бақыт Сұлтановта қостады. Ол экспорт пен импорт базардағы бағаға әсер етіп отырғанын жеткізді. Оның бұл сөзін сатушылар да жалғады.

Рауан, САТУШЫ:

Бізге қалай арзан әкеледі, бізде арзан сатамыз. Егер қымбат әкелсе, үстіне қосып қымбат сатамыз. Ет жоқ. Сосын шетелге кетіп жатыр дейді.

Бағадағы құбылыс халықтың қалтасына салмақ салды. Қымбатшылықтан күн көру қиындап кетті дейді жұртшылық.
 
БЛИЦ:

- Тез қымбаттап кетті. Әрине, ол қалталы адамдарға ешнәрсе етпейтін шығар. Бірақ зейнеткерлердің қалтасына ауыр тиеді әрине.

- Азық-түліктің бәрі қымбаттап жатыр. Ақшаның құны жоқ.


Бақыт Сұлтанов бұған жергілікті жерлерде тұрақтандыру қорларының аздығы себеп деді. Тіпті бар өңірлердің өзінде атқамінерлер жұмысты жүйелей алмай отырғанын сынға алды. Жауаптылардың жауапсыздығын жауапкершілікке тартуды ұсынды. Сонымен қатар тұрақтандыру қорларының жұмысын қайта қарау қажет деп отыр.

Бақыт СҰЛТАНОВ, ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ:

Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірлік атқарушы органдармен бірлесіп, импортқа тәуелді тауарлар бойынша ғана емес, сондай-ақ экспорттың жоғары үлесі байқалатын өнімдер бойынша да өндірісті барынша ұлғайтуы қажет.

Аймақ басшылары Бақыт Сұлтановтың сынымен келіспейді. Оралдық атқамінерлер бағаның шарықтап кетуіне өңірлік қорлардың кінәсі жоқ деді.  

Артур ДОСҚАЛИЕВ, «АҚЖАЙЫҚ» ӘКК АҚ БАСҚАРМАСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Бидай өніміне және күнбағыс шикізатына әлемдік бағаның қымбаттауы себеп болып отыр. Өзіңіз білетіндей, күнбағыс май былтырғы бағамен салыстырғанда 15 пайыздан жоғары өсті. Былтыр 400 теңге тұратын күнбағыс май қазір 600 теңге тұрады. Ол жаңағы шикізат өнімдерінің қымбаттауына байланысты.

Ал, Үкімет басшысы Асқар Мамин, өз кезегінде ішкі нарық азық-түлік тауарлары бойынша отандық өніммен 100 пайыз қамтылады деді. Бұл 2023-ші жылға қарай жоспарланып отырғанын жеткізді. Тіпті Қазақстан әлемдік азық-түлік хабының бірі болуға нақты мүмкіндігі бар, -деді.

Ғ.Өтемісов