Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда үйі өртенген отбасы 6 баламен далада қалды

  • AstanaTV
  • 03 наурыз 2021
  • 1768

Алматы облысында үйі өртеніп кеткен көпбалалы отбасы көмек сұрайды. Қазір олар туыстарының үйін паналап жүр. Шиеттей бала-шағамен баспанасыз қалған отбасыға, әкімдік уақытша пәтер беруді уәде еткен. Бірақ уәде орындалмаған. Әп-сәтте далада қалдық деген отбасымен әріптесім Әсем Лесбек тілдесіп қайтты.

Алты баланың анасы Әйгерім Талқанбаева, бір күнде үй-жайсыз қалғанына әлі сене алмай жүр. Талғар ауданының Талдыбұлақ ауылында орналасқан жер үй, отқа оранып, күлі қалған. От шыққанда отағасы үйде болмапты.

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

Түн ортасында Байтарақовтар отбасын  аяғынан тік тұрғызған өрт шатырдан шыққан. Бықсыған түтінді кеш байқаған олар үйден тек құжаттарын ғана алып үлгеріпті. Тілсіз жаудан жер үйдің жанбаған жері қалмаған. Төбесі опырылып, барлық дүние-мүлкі күлге айналған.

Әйгерім ТАЛҚАНБАЕВА, КӨПБАЛАЛЫ АНА:

Қызымды емізіп жатып ұйықтап қалыппын. Бір сәтте тұрдым үйімнің төбесі шатыр-шұтыр етіп жатыр. Мен не істерімді білмей қалдым. Ойбай үй өртеніп жатыр. Балам шық далаға. Далаға шығыңдар болыңдар деп. Қайта осылар міні, мына балам өзі жалаңаш шығып кеткен ғой. Туу туралы куәлігін ғана алып үлгердім.

Суық күнде далада қалған олар туыстарының үйін паналап отыр. «Амалымыз таусылды» деген келіншек биліктегілерден көмекте сұраған. Ондағылар баспана тауып беретіндерін айтыпты.  Бірақ содан бері төбе көрсеткен жан болмады дейді.
 
Әйгерім ТАЛҚАНБАЕВА, КӨПБАЛАЛЫ АНА:


Сол күні туысымның үйіне барғанмын. Сол жақты бірдеңе қылып паналап отырмыз. Ешқандай квартира тауып берген жоқ ол кісілер маған. Көмектестік деп отыр. Келмейді көмектестік деп айтуға. Туысымның үйінде әлі отырмын ғой. Үкімет қой 6 баламен мені далада қаңғытып қояды ма.

Аталмыш отбасы бұған дейін пәтер жалдап тұрған. Ал мына баспанаға қол жеткізгендеріне жарты жыл болыпты. Бірақ құжаты әлі жасалынбаған. Көпбалалы ана сол күні өрт сөндіруші мамандардың да кешігіп жеткенін сынға алды.

Азамат ЖҰРТБАЕВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
 
Шақырту орнына дереу Талғар қаласынан күштер мен құралдар жіберілді. Өрт 03 сағат 58 минутта 80 шаршы метр алыңында сөндірілді. Алдын ала болжам бойынша өрттің шығу себебі электр сымдарының қысқа тұйықталуынан болды.  

Бұл отбасыға ай сайын атаулы әлеуметтік көмек төленеді. Қазіргі күн көріс сол ғана. Ал жолдасының айлығы пәтер жалдауға жетпейді екен. Сондықтан олар биліктегілерден баспана сұрайды.  
 
Мәден БАҚТЫБАЕВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ БЕЛБҰЛАҚ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазіргі таңда біз деген жақсы бір варианттарды қарастырып жатырмыз. Бір-екі күн деп өзіміз үміттенеміз. Көмектесеміз, өзіміз арендасын төлеуге. Өйткені қазір демеушілік көмектер бізге тартылып жатыр. Мешіттің имамдары бәрі біледі.

Әйтсе де көпбалалы отбасы әкімдіктен көмек боларына күмәнмен қарайды. Сондықтан олар жомарт жандардан үмітті.  

Ә. Лесбек