Қызылжарда жөндеуден өтетін айналма жолдың әр шақырымы, шамамен 1 жарым миллиард теңгеге бағаланып отыр. Аталған құрылысқа жалпы 18 млрд. теңге бөлінген. Қыруар қаражат республика қызынасынан алыныпты. "Қазавтожол" ұлттық компаниясының жергілікті өкілдері мұны растады. Олар облыс орталығын айналып өтетін күре жолдың құрылысын биыл бастамақшы. "Есіл" өзенінің үстінен жаңа көпір салып, жеті шақырымдық жолды жөндейміз дейді. Бұл қаражат тым көп емес пе деген сауалымызға, мамандардың жауыбы мынау болды.
Қанат ӨСЕРБАЕВ, «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰК АҚ СҚО ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Айналма жол - тасқын кезінде - дамба ретінде пайдаланылады. Ол жерде жол екі метрге көтеріліп, жан жағы бетонмен құйылады. Жолдың үсті қоршалып, шамдар орнатылады. Ал жолдың бас жағында ұзындығы 350 метрді құрайтын керме көпір бой көтереді. "Есіл" өзені жалпақ болған соң, ұзын көпір салу керек деген шешім қабылданды. Ал қазіргі көпірді болашақта тек жаяу жүргіншілер ғана қолдансақ болады.
Нақтылай кетсек, «Қазавтожол» ұлттық компаниясы жобаның тым қымбат болуын, құрылыстың күрделілігімен түсіндіріп отыр. Дейтұрғанмен, салыстырма түрінде айта кетсек 2018 жылы Петропавлда теміржолдың үстімен өтетін көпірді қайта құрастыруға небары 1.5 миллиард теңге жұмсалған болатын.
А. Құрманкин