Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда төрт күнде 70-тен астам әйел отбасынан зорлық көрген

  • AstanaTV
  • 03 наурыз 2021
  • 2552

Атырауда отбасылық зорлық-зомбылық азаймай отыр. Әйелін аяусыз ұрып-соғып, зәбір көрсететін еркектер көбейген. Былтыр 800-ден астам нәзік жанды күйеулерінен қорлық көрсе, ал биыл небәрі 4 күнде 70-тен астам әйел адам құзырлыларға шағымданған. Шарасыз күй кешкендер арнайы орталықты паналауға мәжбүр.

32 жастағы мына келіншек көп балалы ана. Ол өзін көрсеткісі жоқ. Айтуынша күйеуі дарға асып тастай жаздаған. Оның соққысына 10 жыл шыдадым,- дейді шарасыз ана. Шыдамы шегіне жеткен соң былтыр  әйелдерге көмек көрсету бөлімшесіне келіпті. Алайда артынан келген ері саусағын тигізбеуге ант етіп кері алып кеткен. Бірақ кейін де қол көтеруін тоқтатпады деп отыр. Амады таусылған соң, балаларын алып орталыққа қайта келіпті.

АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Он жылдың ішінде дарға асып тастауға дейін барды. Балаларыма кішкене көрсетпейтін. Шыңғырып жылап жатқанымды көреді. Соңғы жағдайды көрді. Әдейі есікті ашып жібердім. Көрсін деп балалар. Өйткені ол балалардың алдында сүйкімді әке. Мені бөлмеге кірігізіп алып, балалар ұйықтап  жатқан кезде тиіседі.

Бітпейтін отбасылық жанжалдың соңы, қол көтерумен аяқталады. Азаптан қашқан әйелдер осы бөлімшеге келеді. Мұнда алты айға дейін балаларымен тұрып, бойын тіктеп алуға көмек көрсетіледі. Кішкентайларын  тәрбиешіге қалдырып, жұмысқа орналасады екен. Жиырма орындық бөлімшенің бос тұратын күні жоқ. Екі, үш қайтара кеп жататындар,- бар дейді бөлімше басшысы.

Айбаршын ИМАНҒАЛИЕВА, ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ҰШЫРАҒАН ӘЙЕЛДЕРГЕ КӨМЕК КӨРСЕТУ БӨЛІМШЕСІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Көзі көгеріп, мұрны сынып, қолы сынып та келген келіншектер болды. Әрі кеткенде 1 аптадан кейін адамның ашуы басылады ғой. Отбасының бүтін болғаны маңызды. Сондықтан ең бірінші келген азаматшаның жолдасымен сөйлесіп, түсіндіру жұмыстары, татуластыру жұмыстары жүргізіледі.

Бұл орталық ашылғалы 10 жылда, келгендердің  7 пайызы ажырасып кеткен. Дегенмен отбасының шырқын бұзып, әйелін жұдырықпен бағындырғысы келетіндер саны азаймай тұр. Полиция жуырда «Тұрмыс» іс шарасын өткізіп, 4 күнде 70-тен астам әйелдің отбасындағы зорлық-зомбылықтың құрбаны болғанын анықтаған.

Гүлнәзира МҰХТАРОВА, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Отбасы тыныштығын бұзып, әйеліне зорлық-зомбылық көрсеткен азаматқа қатысты жинақталған  құжаттар сотқа жолданады. Соттың шешімімен 3 пен 10 тәулік аралығында  бұл азамат қамаққа алынады.

Егер ер азамат әйеліне қол көтеруі қайталанған жағдайда қамаққа алу күні 20 күнге дейін ғана ұзарады екен.

Б. Надірқызы