Русский Сайттың толық нұсқасы

Таразда жүзге жуық такси жүргізушілері наразылыққа шықты

  • AstanaTV
  • 04 наурыз 2021
  • 3771

Таразда такси жүргізушілері шу шығарды. Автобекет маңынан қалааралық бағытта қатынайтын жүзге жуық көліктің жүргізушісі, жергілікті билік өкілдерінің шектеулерінен шаршаған. Айтуларынша, бекет басшылығы  тарапынан да кедергі келтірушілер көбейген. Шыдамы шегіне жеткен бұқара БАҚ өкілдерінің басын қосты.  

Қалың бұқара таң сәріден талаптарын тыңдатпақ болып, өз наразылықтарын ашық жеткізді. Айқайға басқандардың айтуынша, автобекет маңына таксилердің тоқтауына тыйым салыныпты. Тырп етсең айыппұл арқалатады деп ашынады. Әр қайссының басында 20-30 мың теңге көлеміндегі айыппұл хаттамалары жиналып қалған.  

БЛИЦ:

- ГАИ-де келеді. Транспортный да келеді. Мына отырған автовокзалдың бастығы біздің сыртымыздан арыз жазып, бізге жұмыс істетпей отыр.

- Бәрі келіп қуалап жатыр. Бұл жерге тұрмаңыздар дейді. Қай жаққа тұрамыз? Онда бізге автовокзалдан орын беріңіздер, осы жерде тұрып жұмыс істейік.


Айтуларынша, қалааралық бағытта қатынайтын таксилерді билік өкілдері бес жылдан бері титықтатып келеді. Бүгінгі күнге дейін бірнеше жерге қуып, мезі етті дейді. Тұрақ таппадық деген такси жүргізушілерінің жалпы саны 250. Енді олар атқарушы биліктен арнайы рұқсат қағазын талап етіп отыр. Бірақ бәрі ауыз жаласып алған, сондықтан бізге құжат бермейді дейді.  

Нұрманбет САПАРБЕК,  ТАКСИ ЖҮРГІЗУШІСІ:
 
Міне, бәрі сыбайлас бәрі. Тиындарын беріп қойған, болды. Міне, әр спринтерден 5 мыңнан алады. Шығарады.

 
Шуылдасқандарды сабырға шақыруға әкімдік өкілдері де жедел жетті. Бірақ олар мәселені шешуге асықпады. Көлік саласына жауаптылар да, жиналғандарға мардымды жауап айтпады.

Нұрлан МАҚАШЕВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 
Оны біз құзырлы органдармен кеңестік. Осы кісілердің жазып берген ұсыныстары бар, соны талқылап, жауабын береміз.

Автобекет қожайыны болса, бұл жүргізушілердің құжаттары дұрыс емес деп отыр. Көбісі көрші қырғыз бен армян елдерінен әкелінген көліктер болғандықтан, бекет әкімшілігінің талабына сай емес екенін алға тартты.  

Марат АЙМАҒАНБЕТОВ, «ТАРАЗ» АВТОБЕКЕТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

4 жыл бұрын 20-30 көлік тек кешкісін ғана келіп жұмыс істейтін. Қазір сырттан келген көліктер бар, олар да жұмыс сұрап келеді. Егер барлық құжаттары заңды болса, кешкі 6-дан кейін жүрсін. Бәрі заң аясында болады.

Даурыққан даудың бүгін-ертең бітпейтініні анық. Өйткені бес жыл бойы шешілмеген. Шешуге құлықты шенді де табылмаған сыңайлы. Соған қарағанда әлі де жүргізушілердің әлекке түсетін түрі бар.
   
Б. Жұмабайұлы