Русский Сайттың толық нұсқасы

Президент Алматы облысындағы жол-көлік оқиғасын өз бақылауына алды

  • AstanaTV
  • 04 наурыз 2021
  • 4026

Көлік қаққан төрт оқушының екеуінің жағдайы тым ауыр. Алматы облысында ішімдік ішіп көлік басқарған жүргізуші, төрт қызды көлікпен жайпап өткен. Жантүршігерлік жол апатын тергеуді, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та өз бақылауына алды. Мемлекет басшысы оқиғаны жан-жақты тексеруді тапсырды.

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

Дүйім жұртты дүрліктірген жол апаты осыдан екі күн бұрын мына мен тұрған жерде болған. Жүйіткіген көлік жүргізушісі, мектептен қайтып келе жатқан төрт оқушыны осы Арзиев көшесінің бойында қаққан.

Оқиғаны өз көзімен көрген мұндағы тұрғындар, сол күнді әлі күнге қорқынышпен еске алады. Олар қыздардың екеуі – 8, қалғаны – 9 жаста екенін айтты. Төртеуі де бір сыныпта оқиды екен. Сондай-ақ, жұрт өрімдей қыздарды қаққан азамат, сол күні мас болған деп отыр.

Тамара, ҚОРАМ БАТЫР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мына жерде болды. Адамдар көп тұрды. Скорая тұрды. Кімнің балалары екен десек, біздің көршіміздің қызы екен немересі. Одан кейін біреуі ары шетіндегі тоже мұғалімнің немересі.

Зора, ҚОРАМ БАТЫР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мас болып жүрген жүргіншілерге солардың тиесілі жазасын берсін. Мас жүргізуші. Ол ата-аналар үшін де бәріміз қиналып тұрмыз. Үш кішкентай бала олар сәби.


Ал көлік таптап өткен оқушылардың ата-аналары сол күннен бері аурухана маңайында жүр. Бірақ камераға сөйлеуге қарсы. Апаттан зардап шеккен 4 қыздың біреуі үйіне жіберілген. Ал біреуі облыстық балалар ауруханасында ем қабылдауда. Қалған екі қыз, жансақтау бөлімінде жатыр.

Рустам КӘМІЛЖАНҰЛЫ, ШЕЛЕК АУЫЛЫ АУРУХАНАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Екі қыздың қазіргі жағдайы өте ауыр. Олар арнайы қондырғыға қосылған. Біреуінің бауыры жыртылған. Оған ота жасалынды. Екеуінің де бас жарақаты бар. Сан сүйектері де сынған. Қандай да бір болжам жасауға әлі ерте.

Жантүршігерлік апат жасаған УАЗ автокөлігінің жүргізуші қазір қамауда отыр. Облыстық Полиция мамандары оқиғаға қатысты тергеуді бастаған. Дегенмен бүгін мемлекет басшысы аталған жол-көлік оқиғасын өз бақылауына алғанын мәлімдеді. Президент жан-жақты тергеп-тексеруді тапсырған.

Берік УӘЛИ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Президент Алматы облысындағы жол-көлік оқиғасына қатысты тергеу жұмыстарын өз бақылауына алды. Мемлекет басшысы мас көлік жүргізушісін заңға сәйкес жауапқа тартуды тапсырды. Әрі аталған оқиғаны жан-жақты тексеру жөнінде тапсырма берді.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев зардап шеккен балалар мен олардың ата-аналарына тиісті көмек көрсетуді жүктеді. Ал мас жүргізушінің қылмысы сотта дәлелденсе, бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Ә. Лесбек