Русский Сайттың толық нұсқасы

Мұғалімдер енді жұмысқа конкурс арқылы қабылданатын болды

  • AstanaTV
  • 04 наурыз 2021
  • 6722

Мұғалімдер енді жұмысқа конкурс арқылы қабылданатын болды. Жаңа заң жобасындағы бұл норма, өз кезегінде саладағы сыбайлас жемқорлықтың алдын-алмақ. Жаңашылдық қалай жүреді? Мектеп директорлары не дейді? Әріптесім Бекболат Сатуов айтып берсін.

Енді мектеп директорлары мұғалімдерді тікелей жұмысқа қабылдай алмайды. Қызметке тұрғысы келетін ұстаздар байқаудан өтуі тиіс. Сенат қабырғасында қабылданған заң жобасына, алдымен Білім және ғылым министрі пікір білдірді. Бұл өзгеріс сыбайлас жемқорлықтың алдын-алуы мүмкін, - деді.

Асхат АЙМАҒАНБЕТОВ, ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІ:

Қазіргі таңда педагогтерді жұмысқа қабылдау бойынша қолданыстағы жүйе ашықтық қағидаттарына толығымен сай деп айтуға келмейді, сәйкесінше сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол берілуі мүмкін. Мәселен, кейбір өңірлерде бір пән бойынша бір ставканы төрт мұғалімге бөліп береді. Бұл өз кезегінде білім беру сапасына кері әсер етеді.

Бұл өзгерісті мектеп басшылары қолдады. Олар әсірес жас мамандар үшін таптырмас мүмкіндік дейді.  Өйткені қолданыстағы жүйе көбіне жастар үшін қолбайлау болғанын жасырмайды.

Жанар ЖҰМАБЕКОВА, НҰР-СҰЛТАН қ. «№ 78 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯ» КММ ДИРЕКТОРЫ:


Енді шындығы керек қой біз стажына қарайтынбыз, санатына, категориясына қарап отырып мұғалімдерді қабылдау жүйесін енгіздік. Ал енді жас мамандар көбіне жұмыссыз қалып отырды. Осы арқылы яғни бірден оқуды жақсы бітіретін болса,онда олар бірден жұмыспен қамтылады деп ойлаймын.


Жауапты министрлік конкурстық іріктеудің нақты қағидаларын бекітуде.  Сондай-ақ, бұл жұмыс цифрлық технологиялардың көмегімен автоматты түрде жүретінін айтты. Яғни бұдан былай, педагогті жұмысқа қабылдау туралы шешімді бір адам емес, көпшілік қабылдайтын болады.

Б. Сатуов